Жамбылдық жас ғалым құрылыс жұмыстарының құнын төмендететін өнертабыс ойлап тапты
Жарияланған күні:

Жамбылдық жас ғалым еш жерде қолданыста жоқ, эксплуатациялық басымдықтары айқын, қаржылық және еңбек шығындарын азайтатын, діңгегінің кеңейтілген бөліктері бар жаңа қадалы конструкциялар орнатудың тиімді технологиясын ойлап тапты. Ғалым инновациялық өнертабысын өндіріске және құрылыс тәжірибесіне толығымен енгізбекші, деп хабарлайды NUR.KZ.
Соңғы жылдары жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғи апаттар еліміздің экономикасына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларына едәуір кері әсерін тигізуде. Қаншама нысандар бұзылып, ғимараттар жарамсыз қалып жатыр. Осы ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылыми қызметкері, жас ғалым, PhD Ерлан Атенов нысандардың жүк көтеру қабілетін арттыратын және түрлі жүктемелерге төтеп бере алатын жаңа қадаларды пайдалана отырып, іргетастар дайындауды ұсынып отыр. Қазіргі уақытта жас ғалым "Топырақ және құрылыс материалдарын қосу арқылы діңгегі кеңейтілген қадаларды орнатудың тиімді технологиясын әзірлеу" атты жобаны әзірлеуде. Жобаның басты мақсаты – құрылыс саласында пайдаланатын түрлі ғимараттар мен нысандардың іргетастарына арналған темірбетонды қағылмалы қадаларды орнатудың тиімді технологиясын енгізу.
Айта кету керек, Дулати университетінің зертханасында түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстары орындалады. Солардың бірі – құрылыс саласында қолданылатын ресурс үнемді, тиімді конструкциялар мен тәсілдер дайындау. Осы бағытта ізденушілік сипаттағы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жаңа конструкцияға патенттер алынған, сондай-ақ мақалалар жарияланған. Іргетастар орнату барысында материалдық, қаржылық және еңбек шығындарын азайту мақсатында артық шығынды қажет етпейтін, қолда бар қарапайым заттарды пайдалана отырып, қаданың конструкциялық ерекшеліктерін кеңейту қажет еді.
Ерлан Атеновтың сөзінше, қадаларды пайдалана отырып дайындалатын іргетастарды еліміздің кез келген өңірлерінде, әсіресе солтүстік, батыс, орталық аймақтарда қолдану тиімді. Себебі оған осы аймақтардың жер бедері, топырақ қатпарлары, олардың физикалық-механикалық қасиеттері толығымен сәйкес келеді.
"Біздің зертханада діңгегінің кеңейтілген бөліктері бар жаңа қадалар дайындалған. Олар құрылыста дәстүрлі түрде қолданылып жүрген призмалық пішінді қадалармен салыстырғанда статикалық жүктемелерге едәуір жақсы қарсылық көрсете алады. Мұндай қадалардың жүк көтергіш қабілеті 2 есеге дейін артық. Демек, қадалардың санын азайта отырып, жоғары деңгейдегі жүк көтеру нәтижесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл – құрылыста қолданылатын бетон мен арматураның шығынын азайтады, құрылыс жұмыстарының құнын төмендетеді және ресурстарды үнемді пайдалануға жол ашады.
Өздеріңіз білетіндей, еліміздің солтүстік өңірлерінде, әсіресе Астана қаласында топырақ қабаттарының ерекшеліктеріне байланысты ғимараттар құрылысы кезінде қадалы іргетастар кеңінен қолданылады. Сәйкесінше оның өзіндік шығындары бар. Осындай шығындарды төмендетудің бір жолы – жүк көтергіштігі жоғары, тиімді қадаларды пайдалану екені сөзсіз", - деді жас ғалым.
Ерлан Атеновтың айтуынша, дайындалған техникалық және нұсқамалық құжаттар негізінде діңгегінің кеңейтілген бөліктері бар қадаларды ғимараттар мен нысандар құрылысында пайланатын болсақ, едәуір экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Яғни, құрылыста қолданылатын бетон көлемі 37-41% дейін үнемделеді, іргетастардың жүк көтергіш қабілеті 14% артады, ал қадалардың өзіндік орташа құны 20% дейін кемиді. Мұндай көрсеткіштер жеткілікті деңгейде қадаларды пайдалану тиімдігін көрсетеді.
"Жоба бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде жаңадан ұсынылып отырған қадаларды пайдаланудың бірқатар негізгі тиімділіктері анықталды. Атап айтқанда, діңгегінің кеңейтілген бөліктері бар қадалардың статикалық тік қысу жүктемелеріне 1,3-1,6 есе тиімділігі, көлденең жүктемелерге 1,4-1,5 есе артықшылығы, суыру жүктемелеріне 2,1-2,4 есе оңтайлылығы дәлелденді. Діңгегі кеңейтілген қадаларды қағу кезінде сусымалы құрылыс материалдарын енгізу арқылы олардың жүк көтергіштігін арттыру технологиясы әзірленді. Мұндай қадалардың жүк көтеру қабілетін есептік жолмен анықтаудың әдістері жасалды. Жаңа қадаларды зауыттық жағдайларда жасау үшін олардық жұмыс сызбалары дайындалды. Бұл қадаларды құрылыс саласында жобалау және пайданалу мақсатында тәжірибелік ұсынымдар әзірленді және т.б.", - деді М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылыми қызметкері, жас ғалым, PhD Ерлан Атенов.
"Жобамен жұмыс істеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?" деген сұрағымызға жас ғалым айтарлықтай қиындықтар туындамағын айтты.
"Біз бұған дейін бірнеше жыл бойында зерттеу зертханасын құрдық, оны қажетті құрал-қондырғылармен жабдықтадық, ынталы негізде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, белгілі деңгейде алғышарттарын дайындаған болатынбыз. Соның нәтижесінде зерттеу жұмыстарын өз зертханамызда орындадық. Тек далалық сынақ жұмыстарын жүргізу үшін ғана "ҚазСҚҒЗИ" АҚ ОҚФ сынақ полигонын пайдаландық", - деп жауап берді Ерлан Атенов.
Бұл өнертабыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылатын, "Жас ғалым" конкурсы аясындағы гранттық жоба болып табылады. Ерлан Атеновтың айтуынша, гранттық қаржыландыру жас мамандар үшін зор көмек және қолдау.
"Зерттеу жұмыстарын жүргізу, әсіресе, техникалық және инженериялық салада, көп қиындық туғызатыны белгілі. Негізінен, зерттеу жұмыстарын жүргізу, сынақ жұмыстарын орындау, сонымен қатар түрлі өлшемдер жасау арнайы құрал-жабдықтарды қажет етеді. Ал, олар аз ақша тұрмайтындығы белгілі. Мұндайда сөз жоқ, қаржылай гранттар түріндегі мемлекеттік қолдау бастамалары зерттеу жұмыстарын жүргізетін зерттеушілер үшін, ғалымдар үшін және ғылыми қызметкерлер үшін өте зор көмек. Гранттық жобасының аясында бірқатар құралдар мен аспаптар сатып алуға мүмкіндік туды. Scopus дерекқорына енген шетелдік рейтингі жоғары ғылыми журналдарда ашық қолжетімділік режимінде мақалалар жариялауға жағдай туындады. Сонымен қатар, түрлі ғылыми семинарлар мен конференцияларға қатыса отырып, ниеттес әріптестер мен серіктестермен байланыс орнату мүмкіндігіне қол жеткіздік. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми жобаны гранттық қаржыландыру игілігін көріп келеміз", - деп атап өтті жамбылдық ғалым.
Қазір жоба аяқталу үстінде. Зерттеу нәтижелері бойынша жаңа қадаларды пайдалану мен жобалау ерекшеліктерін қамтитын ұсынымдар әзірленді. Қазіргі уақытта еліміздің ірі құрылыс компанияларын, темірбетон бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпорындарды жобамен таныстыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Жоба нәтижелерін өндіріске енгізу бойынша бірқатар отандық құрылыс компанияларымен және құрылыс бұйымдарын шығаратын темірбетон зауыттармен ынтымақтасу ойымызда бар. Басты міндет – жоба бойынша алынған зерттеу нәтижелерін құрылыс компаниялары мен темірбетон зауыттарының өндірістік тәжірибесіне енгізу. Сол бойынша бизнес-жоспар құру мен серіктестер табу. Осылайша, отандық құрылыс саласының жаңа және тиімді құрылыс конструкцияларының ассортиментін кеңейту болып табылады.
Одан бөлек, жоба нәтижелерін салыстырмалы талдау бойынша шетелдік жоғары оқу орындарындағы әріптестемімізбен бірлескен жұмыстар жүргізуді де жоспарлап отырмыз. Бұл халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық орнатудың бірден бір жолы. Мұндай серіктестік арқасында тың идеялар туындап жатса, бірлескен жаңа жобалар жасауға да мұрындық бола алады", - деп түйіндеді сөзін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылыми қызметкері, жас ғалым, PhD Ерлан Атенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200179-zhambyldyq-zhas-galym-qurylys-zhumystarynyng-qunyn-tomendetetin-onertabys-oilap-tapty/