Зектілері

"Есіме түсіргім келмейді": Желтоқсан оқиғасының куәгері өз шындығын айтты

Жарияланған күні:

Желтоқсан қатысушылары
Желтоқсан қатысушылары. Фото: Мұрағаттан

Атырау қаласының тұрғыны Мейрамбек Бижанов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бел ортасында болғандардың бірі. Ол билікке өз ойын жеткіземіз деп алаңға шыққан жастардың қандай азап көргенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Мейрамбек Бижанов әскер қатарынан оралғаннан кейін Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география мамандығына оқуға түскен. Желтоқсан оқиғасы болған кезде 2 курс студенті болғанын айтады. Ол кезде жасы 21-де еді.

"Университетте Қонаевты биліктен алып тастапты. Жаңа басшылыққа мүлдем таныс емес орыс ұлтының азаматы Колбин деген кісі келіп жатыр" деп барлық студенттер шулап жатты. Жастардың алаңға жиналып жатқанын да естідік. 16 желтоқсан күні біз де курстастарымызбен сонда бардық. Алаңда ешқандай айқай-шу жоқ. Жастар плакаттарға "Әр халыққа-өз көсемі!", "Қазақстан жасасын!" деген сынды ұрандарды жазып алған, бейбіт түрде биліктен жауап беруді сұрап жатыр. Біз де солардың арасында болдық. Сұрағымызға жауап аламыз деп күттік. Бірақ ешкім жауап бермеді", - дейді Мейрамбек Бижанов.

Мейрамбек Бижанов солдан оңға қарай бірінші
Мейрамбек Бижанов тарихшылармен, солдан оңға қарай бірінші. Фото: Мейрамбек Бижановтың жеке мұрағатынан

Куәгер Кеңес үкіметі кезінде халық "әр адам өз ойын айтуға құқылы, ешкім ешкімге зияндық жасамайды" деген идеологиямен өмір сүргенін, билік басындағылардан оқиғаның осылай шиеленісуін күтпегенін айтады. Алайда Брежнев есімімен аталатын алаңда студент және жұмысшы жастар соққыға жығылған.

"Жастарды ұрып-соғады деген ойымызға да келмеді. 16-шы желтоқсан күні бәрі бейбіт түрде өтті. Жағдай 17 желтоқсан күні шиелінісе түсті. Сол заманда "бұрқасын" деген әдіс болған, яғни ол Мәскеуде алдын ала дайындалған-мыс. Осындай жағдай бола қалса, биліктің қолданатын әдісі. 17-сі күні түске дейін тағы жауап ала алмадық. Ал түсқайта дүрбелең басталды. Бастарына каска киген, қолдарына дубинка ұстаған солдаттар алаңға кіріп келіп жиналғандарды күшпен қайтаруға кірісті", - дейді Бижанов.

Желтоқсан оқиғасының куәгері алаңнан бәрі жан-жаққа қашқанын, ұсталып қалғандар соққыға жығылғанын еске алады.

"Бәрі бір-бірімен араласып кетті. Мен және қасымда танымайтын 5-6 жігіт болып сол маңдағы дүкеннің қасында қоршауға түсіп қалдық. Бізді құлатып, соққыға жығып алаңға апарды. Алаңның артқы жағына жастарды тізерлетіп қойған. "Коридор" деген бар, содан өткізді. Яғни бір шеттен келесі шетке жеткенге дейін әскери киінгендер әр жеріңнен ұрады. Одан көлікке тиеп, бізді таудың ортасына апарып төкті. Тағы бір топ адамдарды арасына 5-6 метрден осы жерге әкеліп төгіп жатыр екен. Соққыдан есеңгіреп қалғаннан кей тұстар есімде жоқ", - дейді Желтоқсан куәгері.

Мейрамбек Бижанов таудан қасындағы жігіттермен бірге қашып қалаға қарай ұзақ жол іздегенін айтады.

"Топшылауымша, бізді Қаскелеңнің тұсына апарған болу керек. Өйткені қалаға дейін ұзақ жүрдік. Әр жерден қасымызға адамдар қосылып жатты. Жан-жаққа солай адамдарды әкеліп төккен. Үстімізге су шашқаннан ол мұз болып қатып қалған. Қалаға дейін ұзақ жүрдік. Әйтеуір жол тауып жатақханаға жеттік", - дейді Мейрамбек Бижанов.

Куәгердің сөзінше, алаңдағы 17 желтоқсан күні басталған дүрбелең 18 желтоқсанда кешке ғана басылған. Одан кейін оқу орындарының ғимараттарында, жертөлелерде тергеу басталған.

"Бізді комитет мүшелері сабақ үстінен алып кетті. Жан-жақты тергеді. Ол туралы есіме түсіргім келмейді", - деп қысқа қайырды желтоқсаншы.

Мейрамбек Бижанов солдан оңға қарай төртінші
Фото: Мейрамбек Бижановтың жеке мұрағатынан

Мейрамбек Бижановтың айтуынша, ол Қазақ мемлекеттік университетіндегі оқуын әрі қарай жалғастырмаған. Үшінші курста басқа оқу орнына ауысып, оқуын сырттай бітіріп шыққан. Қазіргі кезде мұғалімдік саладан алыс екенін, бірақ жастардың сұрауымен жиындарға қатысып, желтоқсан оқиғасының куәгері ретінде өзінің көргенімен жиі бөлісетінін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200856-esime-tusirgim-kelmeidi-zheltoqsan-oqigasynyng-kuageri-oz-shyndygyn-aitty/