Top.Mail.Ru

Зектілері

Мәжіліс Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру туралы заңды мақұлдады

Жарияланған күні:

Киелі Түркістан
Киелі Түркістан өңірі. Көрнекі сурет: basnews.kz

Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру туралы заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мәжіліс депутаттары "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, бұл қалаға рухани және тарихи астана мәртебесін беруге бағытталған.
  • Заң жобасы Түркістан қаласын Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыруды, тарихи-мәдени мұраны сақтауды және қорғауды көздейді.
  • Премьер-министр орынбасары Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, заң жобасы қаланың тарихи келбетін сақтау, археологиялық ескерткіштер резерватын құру және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысқа шектеу қою сияқты жаңалықтарды қамтиды.

"Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы мемлекет басшысының Түркістан қаласына рухани және тарихи астана ретінде ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді", - деді мәжіліс отырысында премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеудің негіздері:

  • Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы тарапынан түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы;
  • қаланың тарихи келбетін және оның аумағындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау қажеттілігі.

"Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа елдердің тарихи ескерткіштерді сақтау тәжірибесі зерделенді. Сонымен қатар заң жобасын дайындау кезінде министрлік өкілдері Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырып, талқылау қорытындылары бойынша заң жобасының негізгі нормалары әзірленді", – деп қосты вице-премьер.

Заң жобасы төрт тарау және 15 баптан тұрады. Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:

  • Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру, дамыту және оның қызметін жүзеге асыру үшін құқықтық жағдайлар жасау, сондай-ақ оны жалпыұлттық маңызы бар қала ретінде тану;
  • Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарын, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағында орналасқандарын сақтау және олардың тұтастығын қамтамасыз ету бойынша тиімді басқару жүйесін құру.

Заң жобасының негізгі қағидаттары: тарихи-мәдени мұраны сақтау және қорғау, рухани нысандардың қасиеттілігін сақтау.

Заң жобасының негізгі жаңалықтарына Түркістан қаласындағы археологиялық ескерткіштер резерватын құру, ұлттық қолөнер шеберлеріне бюджеттен шығындардың бір бөлігін өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысқа шектеу қою, артық элементтердің болуына жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау кіреді.

Осы мақсатта кесене қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштерге масштаб, түс және құрылыс материалдары бойынша сәйкес келмейтін құрылыс нысандарын салуға тыйым салу және Түркістан қаласы әкімдігіне мемлекеттік әлеуметтік нысандарды салу үшін жеке құрылысшыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын беру және жерді алу функциясы жүктеледі.

Сонымен қатар заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 өкілеттілік беру қарастырылған.

Мәселен, қалалық мәслихатқа келесі жеті өкілеттілік беріледі:

  • қала құрылысын реттеу ережесін және қала дизайн-кодын бекіту;
  • архитектуралық келбетті қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау ережелерін бекіту;
  • ұлттық қолөнер шеберлеріне шығындарды өтеу ережелерін бекіту;
  • бейнебақылауды мониторингтеу ережелерін бекіту;
  • қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету орындарын, жазғы алаңдарды орналастыру ережелерін бекіту;
  • қала аумағында символиканы қолдану тәртібін анықтау.

Қалалық әкімдікке 27 өкілеттілік беріледі, олар үш бағытқа бөлінген.

Бірінші бағыт – қаланың мәдени мұраларын сақтау және рухани дамуын реттеу мәселелеріне арналған. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау міндеттері кіреді.

Осы бағыт аясында әкімдікке келесі өкілеттіліктер беріледі:

  • жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану және күтіп ұстау тәртібі бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
  • тарихи-мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстарға арналған ғылыми-жобалық құжаттаманы келісу.

Екінші бағыт – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылыс стандарттарын енгізуге және қала аумағындағы құрылыстың бірыңғай стилін сақтауға бағытталған.

Бұл бағытта әкімдікке қала дизайн-кодын және құрылыс регламентін әзірлеу және қала құрылысы кеңесін құру және оның ережесін бекіту міндеттемесі қойылған.

Үшінші бағыт – туризм қызметін дамытуға және оған қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ туристік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағытталған.

Әкімдікке мынадай өкілеттіліктер беріледі:

  • туристік қызмет нысандары мен жол бойындағы сервисті салу және қайта құру бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне шығындардың бір бөлігін өтеу;
  • туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және кеңес беру көмегін көрсету;
  • туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша шараларды қабылдау.

"Сонымен қатар, "Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы" ілеспе заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы", "Туристік қызмет туралы" заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Заң жобаларын қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейді", – деп түйіндеді Байбазаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2201646-mazhilis-turkistanga-ruhani-zhane-tarihi-astana-martebesin-beru-turaly-zangdy-maquldady/