"Бала түгілі өзіміз жүре алмаймыз": Маңғыстау облысында тұрғындар балшыққа батып отырғанын айтып шағымданды (видео)
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық селосының тұрғындары қыс айы келсе қатты қиналады. Себебі жауған қар ерісе тұрғындар балшық пен шалшықтан көз ашпайды. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларына қиын. Ауыл тұрғындары бала түгілі ересектер жүре алмайтыны айтып шағымданды, деп хабарлайды otpannews.kz басылымы.
Мердігер компания Басқұдық ауылдық округіне қараша айында қиыршық тас төсеуді бастаған. Тұрғындар мердігер компания үш күнде 20 көшеге қиыршық тасты тез төгіп, тегістеп шыққанына таңғалғанын жасырмайды. Алайда компания жұмысындағы олқылық аяз басылып, қар еріген бойда байқала бастаған. Қазір ауыл халқы балшыққа батып отыр.
"Балаларымыз мектепке осы көшемен қатынайды. Таңертең дала қараңғы болады. Бала түгілі өзіміз жүре алмаймыз", - дейді ауыл тұрғындары.
Тұрғындар жөндеу жұмыстарына көңілі толмай отыр. Олардың сөзінше, бұл мәселе жыл сайын қайталанады. "Ал әкімдік жазда бұл мәселенің алдын алмай, қыста ғана қимылдайды" дейді олар.
"Алдында осы гранит жақтың белсенділері комиссия құрып, көшелерді аралап шықты. Содан кейін мердігер құжатын көрсек сақа тастай. Төккен құмы — саз топырақ. Ішінде кесектері бар", - дейді ауыл тұрғыны Қомыт Жұбатыр.
Басылым мәліметінше, ауыл әкімінің орынбасары дәл қазір 15 көше дәл осындай күйде екенін айтқан. Осының алдында әкімдіктегілер мердігер мекемеге көшелерді қалпына келтіру бойынша хат жолдаған екен.
"Біз мердігер мекемеге ауызша да айттық. Ресми хат түрінде де жолдадық. Мердігер мекеме шамамен 2 аптаның ішінде қайта жасап беремін деп уәде беріп отыр", - дейді Басқұдық ауылы әкімінің орынбасары Мақсат Бүркітбайұлы.
Сондай-ақ ауыл әкімі алдағы жылы ауыл ішіндегі 19 километр аумаққа асфальт төсеу жобасы дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Тек бюджеттен ақша бөлінгенін күтіп отырмыз дейді әкімдіктегілер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202224-bala-tugili-ozimiz-zhure-almaimyz-manggystau-oblysynda-auyl-turgyndary-balshyqqa-batyp-otyrganyn-aityp-shagymdandy/