Жетісу облысында жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған ағартушылық жұмыстар жүргізілді
Жарияланған күні:

Жетісу облысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған ағартушылық жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы Жетісу жастары ұйымының Конгресі хабарлайды.
Жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеу, оларға парасаттылық құндылықтарын дәріптеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды қадамдары. Бұл бағытта жастармен барлық мүмкін алаңдарда ашық диалог құрып, жемқорлықтың зияны мен оның алдын алу жолдарын талқылау ерекше мәнге ие.

Осыған байланысты TedX форматындағы кездесулер ұйымдастыру – жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы тиімді әрі шығармашылық тәсіл. Мұндай іс-шаралар жастардың сыбайлас жемқорлық мәселесіне деген сыни көзқарасын қалыптастырып, жаңа идеялар мен бастамаларды ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл – қоғамды адалдық пен әділдік қағидаттарына негізделген болашаққа бастайтын қадам.

2024 жылы Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен 8 аудан мен 2 қалада 1 мыңнан астам адамның қатысуымен әртүрлі салаларда жетістікке жеткен облыстың тумалары, республикалық деңгейдегі атақты спикерлер, жазушылар, мәдениет қайраткерлері, психологтар, теологтар, айтыскер ақындар, қоғам белсенділері Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан, Әміре Әрін, Жұматай Әміреев, Жұмахмет Жайлаубаев, Қанат Мүтебаев сынды белгілі азаматтар 10 кездесу өткізді.

Республиканың әр өңірінен келген 15 команда 50-ге жуық адамның қатысуымен жүлде қоры 1 500 000 теңгені құраған зияткерлік ойын ұйымдастырылып, 100-ге жуық қоғам қайраткерлері, журналистер, педагогтар, белсенді жастар және т.б. азаматтар қазақ әдебиетінің белгілі ақындары мен жазушыларының шығармаларын оқып "Адалдық жолы" тақырыбында онлайн-челлендж іске қосып, балаларды қорғау күніне және жаңа жыл мерекесіне орай балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне арналған 4 қайырымдылық ісшара, сыйлықтар табыс ету, балмұздақтар тарату акциялары өткізілді.

Сонымен қатар ЖОО, колледж және мектептерде 5 қонақ дәріс өтіп, бейнероликтер көрсетіліп, әлеуметтік зерттеулер жүргізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202332-zhetisu-oblysynda-zhemqorlyqqa-qarsy-madeniet-pen-parasattylyqty-nygaituga-bagyttalgan-agartushylyq-zhumystar-zhurgizildi/