Өскемен қаласында Глубокое ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті
Жарияланған күні:
Жәрмеңке жай ғана базар емес, бұл мереке мен жақсы көңіл-күй атмосферасы. Өскемен қаласында Глубокое ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті. Аудан шаруалары әкелген өнімдердің барлығы түске дейін сатылып кетті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауданда егін және мал шаруашылығымен қатар орман шаруашылғы да жақсы дамыған. Сондықтан облыс орталығында өткен жәрмеңкеге ауданның шаруалары алуан түрлі өнімдерін әкелді.
Қала тұрғындары мен қонақтары сауда жасайтын ауқымды ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне 3,6 тонна сиыр еті, 2 тонна жылқы еті, 200 кг құс еті, 100 кг жұмыртқа, сүрленген өнімдерден 300 кг, көкөністерден 1 тонна, сүт өнімдерінен 150 кг, күнбағыс майынан 100 кг, бал өнімдерінен 350 кг, орман шаруашылығы өнімдерінен 300 кг, нан өнімдерінен 50 кг, кондитерлік өнімдерден 250 кг әкелінді.
"Шаруаларымыз әкелген өнімдердің 80 пайызы өтті. Қысқа қамданған халық қолдан басылған жылы пималарды таласа отырып сатып алды. Пималар, жұмыртқа, медовуха өнімі, орман шаруашылығының өнімдері, нан-тоқаштар толығымен сатылып кетті. Еттің саудасы да жақсы жүрді", - деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернар Қапатаев.
Саудаға қойылған сиыр еті мен жылқы еті 2400 теңгеден, тартылған ет 2400 теңгеден сатылды.
"Бүгін жылқы еті мен сиыр етінен сатып алдым. Бағасы базардікінен арзан, әрі жаңа сойылған малдың еті. Саудамыз сәтті, көңіліміз көтеріңкі болды", - деді қала тұрғыны Бизада Шаймарданова.
"Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі біздің қаламызда үнемі өтіп тұратынына қуаныштымыз. Біз мұнда нан, сүт өнімдерін сатып алуға келгенбіз. Май мен кілегей өте дәмді және бағасы да төмен. Біз үшін жәрмеңке табиғи өнімді сатып алуға жақсы мүмкіндік", - дейді жергілікті тұрғын қолында азық-түлік пакеттерін көрсетіп.
Малаубинка ауылынан бір бас сиыр мен бір бас жылқы етін әкелген "Дәулет" шаруа қожалығының сатушылары да саудаларының жүргеніне риза. Екі сағаттың ішінде барлық еттері сатылып кетті.
Жәрмеңке барысында аудан өнерпаздары сахнада өнер көрсетті. Әншілер әуелете ән шырқап, бишілер мың бұрала би билеп, келген жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2202494-oskemen-qalasynda-glubokoe-audanynyng-auyl-sharuashylyq-zharmengkesi-zhogary-denggeide-otti/