Семейде шырша орнату кезінде биіктен құлаған мұғалімнің оқиғасынан кейін әкім орынбасары жазаланды
Опубликовано:

Семейде шырша безендіруде мұғалім Қуат Айтқалиев зардап шеккен оқиға туралы Семей қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Нұржан Есенжолов пікір білдірді. Ол осы салаға жауапты қала әкімінің орынбасары тәртіптік жазаға тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның сөзінше, орнатылған шыршаның биіктігі 5-6 метр болған.
"Дәл осы жағдай бойынша айта кетсек, Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы шырша сатып алып, жеткізуге конкурстық нәтиже бойынша мердігер компания ұтып алды. 25 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл шыршаның өзіне және қалаға жеткізу қызметіне (бөлінген қаражат – авт. ескертпесі). Оны құрып беруге биыл қаражат қарастырылмағандықтан, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мердігер компанияларының күшімен, волонтерлік күштердің арқасында шыршаны құру қарастырылған болатын. Бірақ, өздеріңіз біліп отырғандай, шыршаны жинақтауға тапсырма білім бөлімінен түскендіктен, тиісті шаралар қабылданды.
Яғни біз, Семей қаласы әкімдігі осы жұмысты толықтай бақылау жүргізіп отырған Семей қаласы әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа өзінің жұмысына немқұрайды қарауы және толыққанды бақылауда ұстамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды. Бүгінгі таңда осындай тәртіптік жаза қабылданды", - деді Есенжолов.
Әкімдік өкілі әкімшілік ғимаратының алдында болған бұл оқиға неге камераға түсіп қалмағанын білмейтінін айтты. Алайда камераға жазылған видеолар тексеріледі деп сендірді.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімнің жағдайы толыққанды бақылауда.
"Бүгінгі таңда жағдайы жақсы. Палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақты. Толық емдеумен қамтамасыз етілді", - деді ол.
Бұған дейін Семейде шырша безендіруде зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызы күйеуі зардап шеккен оқиға туралы айтып берген еді.
Еске салайық, Семей қаласындағы басты жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев зардап шеккені белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз наразылығын білдірген еді. Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын ерекше атап өткен. Министр облыс басшылығының әділ тергеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтынына үміт артатынын мәлімдеді.
Кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.
Бүгін Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова KAZ.NUR.KZ тілшісіне тексеру нәтижелері туралы хабарлады. Бұған дейін Семейдегі бұл оқиға туралы бұрынғы білім министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайтынын айтып, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.
Кейінірек мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев атқарып отырған қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2203658-semeide-shyrsha-ornatuga-tartylgan-mugalimning-oqigasynan-keiin-akim-orynbasary-zhazalandy/