Жаңа жыл қарсаңында тамақтан уланудан қалай сақтануға болады
Опубликовано:

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі тамақтан уланудың алдын алу шаралары туралы айтып, жаңажылдық үстелге арналған өнімдерді қауіпсіз етіп таңдау ережелерін еске салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мереке қарсаңында біз, санитарлық дәрігерлер ретінде, жаңажылдық дастарханға тамақ өнімдерін таңдау және тұтыну кезінде қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығын еске саламыз. Тамақтан уланып қалмау үшін қарапайым ережелерді сақтау маңызды: балғын өнімдерді таңдау, жарамдылық мерзімдерін тексеру және тексерілмеген базарлардан азық-түлік сатып алудан аулақ болу", - деп атап өтті департамент басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.
Сарапшы, сонымен қатар, тағамды сақтау мен дайындау кезінде назар аударуды қажет ететін тұстарды атады:
- Азық-түлік таңдау: балғын өнімдерді сатып алыңыз, жарамдылық мерзімін, қаптаманың сапасын тексеріңіз және тексерілмеген базарларда сауда жасаудан аулақ болыңыз.
- Сертификаттар: тауарлардың сапа және қауіпсіздік сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз.
- Сақтау: температуралық режимді сақтаңыз, әсіресе сүт және ет өнімдері үшін, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз.
- Гигиена: тамақ дайындау кезінде қолыңызды үнемі жуыңыз және санитарлық нормаларды сақтаңыз.
- Термиялық өңдеу: ет пен балықты жақсылап пісіру керек; оның дайын болғанын тексеру үшін пісіру термометрін қолдануға болады.
- Тамақтану: тамақты үстел үстінде екі сағаттан артық қалдырмаңыз және оныбірнеше рет қыздырудан аулақ болыңыз.
- Сусындар: алкогольдік сусындардың қаптамасының зақымдануын және жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
"Біз ата-аналарды балаларға гигиена негіздерін үйретуге және жүрек айну, құсу немесе диарея сияқты улану белгілері туралы сөйлесуге шақырамыз. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген жөн", - деп атап өтті Г. Каткенова.
Сарапшы бұл ұсыныстарды сақтау тамақтан уланудың алдын алуға және мереке күндерін ойдағыдай өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жалпы биыл Алматыда жаппай уланудың бір жағдайы және ботулизмнің 10 жағдайы тіркелген. Улануға санитарлық нормалардың бұзылуы, соңғы жағдайда өнімдерге термиялық өңдеуді дұрыс жасамау және үйде жасалған консервілерді пайдалану себепші болған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2204166-zhanga-zhyl-qarsangynda-tamaqtan-ulanudan-qalai-saqtanuga-bolady/