"Өлкеміздің өңі бүгін жүдеген": Арал теңізі туралы көркем шығармалар топтамасы
Жарияланған күні:
Арал теңізі ақын-жазушларының шығармаларына арқау болды. Арал жайлы туындыларда көбіне теңіздің экологиялық жағдайы мен оның халыққа әсері суреттеледі. Бұл мақаламызда Арал теңізі жайлы көркем шығармалар топтамасын ұсынамыз.
- Мақалада Арал теңізі туралы жазылған көркем шығармалар топтамасы ұсынылды, олардың арасында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романы, Сайлаубай Жұбатырұлының "Абыржы" трилогиясы және Исмаилжан Иминовтың "Арал: в поисках потерянного моря" кітабы бар.
- Арал теңізі тақырыбы ақындардың шығармаларында да кеңінен қозғалған, мысалы Зейнолла Шүкіров, Әбділда Тәжібаев, Сейіл Боранбаев және Толыбай Абылаев сияқты ақындардың өлеңдері.
- Бұл шығармаларда Арал теңізінің экологиялық жағдайы, оның халыққа әсері және аймақтың тарихи, мәдени құндылықтары суреттеледі.
Арал теңізімен байланысты шығармалар
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларында Арал теңізінің тағдыры мен сол мекенде өмір сүретін халықтың ахуалы бейнеленген. Жазушының туындылары арқылы оқырман теңіздің күйі мен адам тағдырының өзара байланысын сезіне алады.
"Қан мен тер" романы
"Қан мен тер" романы – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазақ әдебиетінің ең көрнекті шығармаларының бірі. Роман қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдайын, патшалық Ресейдің отарлау саясатының әсерін, адамдардың тағдырын терең реалистік тұрғыдан бейнелейді.
Шығармадағы оқиға Арал теңізі маңындағы балықшылар ауылында болған. Автор бұл аймақтың табиғатын, халқының тұрмысын және өміріндегі ауыртпалықтарын шынайы суреттейді.
Басты кейіпкерлер:
- Еламан – романдағы басты кейіпкер, қарапайым балықшы. Ол әділетсіздікке төзбейтін, рухани таза, адал адам. Оның өмірі арқылы халықтың ауыр тұрмысы мен күресі бейнеленеді.
- Тәңірберген – бай, үстем тап өкілі. Ол қарапайым халықты қанаушының бейнесі ретінде көрсетілген.
- Ақбала – Еламанның сүйген жары, тағдырдың қиыншылығына ұшыраған әйел.
Романда кедейлер мен байлардың арасындағы әлеуметтік тартыс негізгі тақырып ретінде алынған. Байлар қарапайым халықты қанаумен шектелмей, олардың өміріне үстемдік жүргізуге тырысады. Бұл қақтығыстар Еламан мен Тәңірбергеннің арасындағы жеке қарым-қатынаста да көрініс табады.
"Қан мен тер" – қазақ халқының ауыр кезеңін, әлеуметтік теңсіздікті, патша үкіметінің қанаушылық саясатын және сол уақыттағы халықтың жан айқайын шынайы бейнелеген шығарма. Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл романы арқылы қоғамның тарихи кезеңін ғана емес, адам болмысының тереңдігін де ашып көрсетеді.
"Абыржы" романы
Жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының "Абыржы" трилогиясы Арал теңізінің экологиялық апаты мен оның халыққа әсерін бейнелейтін маңызды туынды. Романның негізгі тақырыбы – үлкен империяның күйреуі, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадамдары, және формациялардың ауысуымен байланысты күрделі кезеңдегі саналы адамның ішкі жан дүниесі мен өтпелі кезеңнің шынайылығы. "Абыржы" атауы осы тарихи өліара кезеңнің көрінісін айқындайтын символдық ұғым ретінде алынған.
Автор трилогияның бас кейіпкері Медет арқылы ел тағдыры мен өзгерістер дәуірінің шындығы терең әрі әсерлі суреттеген. Туындының оқиғалары тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқан оқырманның ішкі сезімдерімен үндесіп, оны автордың жүрек толқынысымен байланыстырып отырады.
"Абыржы" романы – қазақ әдебиетіне қосылған соңғы ширек ғасырдағы ең маңызды әрі көркемдік құндылығы жоғары туындылардың бірі.
"Арал: в поисках потерянного моря" кітабы
Исмаилжан Иминовтың "Арал: в поисках потерянного моря" кітабы жергілікті аралдықтардың тағдыры мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін, тарихи және мәдени ескерткіштерді, құрғаған теңіздің түбінде қалған тастанды кемелердің қалдықтарын, сондай-ақ Барсакелмес аралының құпиясын баяндайды.
Бұл еңбек автордың 2016 жылы өткен "Ұлытау — Арал"экспедициясынан алған жеке әсерлері негізінде жазылған.
Арал теңізі жайлы өлеңдер
Тағдырлы ақын әрі жазушы Зейнолла Шүкіровтың шығармашылығы Арал теңізімен тығыз байланысты. Оның "Арал дәптері", "Арал толқындары" атты жыр жинақтары мен "Сыр бойы" тарихи романында туған жер табиғаты, сол өңірдің тарихы суреттеледі.
Арал
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл ана секілді
Алдымда жатыр далам кең.
Сырласып жібек самалмен,
Желпінсе жүрек жаңа әнмен.
Теңізше жаным кең шалқып,
Теңізше толқып қалам мен.
Тартыппын, теңіз, саған мен,
Дауылың берсе маған дем,
Өзімнің жұмсақ көңілімдей,
Көк бүліш кілем жағаң кең.
Аспаның қандай, Арал, кең!
Күрсініп неге алам дем,
Бір нашар туған балаң ба ем?
Қияда биік сол мұрат,
Өзіңнен алып зор қуат,
Бір жұлдыз болып жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен!
***
Арал тасып айлаққа көлбегелі
Арал тасып айлаққа көлбегелі
Тебіренсе де теңізді "көл" деп еді.
Баста солай әдейі атаған ба
Құрығанын күні ертең көр дегелі?..
Өзендердің тәңірі – Ертісінен
Есек өтіп, айырылса жер түсінен,
Бунақ-бунақ Бұқтарма жағасына
Шығып жатыр көпіршіп дерт ішінен.
Талай заман күркіреп Талас та ақты,
Талас қашан тасымай толастапты?..
Атан нарды қақшыған қақпақылдай
Тау суында өзгеден ол асқақ-ты.
Сол ақиқат лақаптай тегі жалған,
Бұл күндерде қаңырап түбі қалған.
Бір кездегі сыңсыған ну тоғайлы
Жағалауы жарғақтай түгін алған.
Дейтіндей-ақ осы елдің енді ақыны
Кер ауыздан бұл жұрттың кем бе ақылы, –
"Сырдың суын сирақтан асырмаған"
Әулекінің айтқаны келді ақыры.
Сол әулекі бір кезде ұрып төске,
"Жайық суы, деуші еді, қырық бөшке".
Қырық жалғау қыл тамақ сол өзен де, –
Осы өлкеден су біткен үрікпес пе?!
Поэзия алыбы атанған ақын Әбділда Тәжібаев кезінде Сыр мен Аралдың бүгінгі хал-ахуалы туралы өксік пен аңсауға, мұңды сағынышқа толы жырлар жазды. Сондай жырларының бірі − "Аралдарым" өлеңінде:
Аралдан алдым ащы ойлар,
Ауырлап кетті кемеміз.
Теңіз де емес,
Қайғыда
Жүзгендей болып келеміз, − деп жырлаған еді. Сондай-ақ "Таныс дауыстар" жинағындағы:
Сыймаса Сырдариямыз арнасына
Шығайын тентек шулап жар басына,
Қиратып бөгеттерді бұзып жарып,
Жататын содан кейін тынышталып, − деген жолдары кезінде арнасына сыймай аққан Сырдарияның тасқынды келбетін, асау бейнесін, енді бірде кезінде арнасына сыймай аққан Сырдарияның бүгінгі мүшкіл халін көрсетеді, - дейді Сыр ақындары поэзиясындағы Арал тақырыбы мақаласының авторлары.
Сондағы Дариям қайда. Көлім қайда?
Айдында ескен тартқан жерім қайда?
Тоқтатпай кетіпті жел сағымды айдап,
Елес бала кезгі қалыпты ойда.
Сейіл Боранбаев поэзиясының да дені Арал проблемасын қозғайды. Кезінде алты Алаштың Аралы атанған жайсаң ел, теңізі толқыған шұрайлы жер жел айдаған бұлттай, сиреген жапырақтай жаутаңдаған жетім күйге түскен. Адам денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқан құрғақшылық, ыстық климат, жел, жоғары күн радиациясынан болып жатқан табиғат экологиясы өз алдына, адам қолымен жасалған экологиялық қауіп, антропогендік фактор қоршаған ортаның бұзылуына, биосферадағы теңдіктің бұзылуына алып келді.
Кеше ғана жайнап жері түлеген,
Өлкеміздің өңі бүгін жүдеген.
Суын сарқып,
Топырағын тоздырды,
Апаттан соң апат соғып үдеген.
Ал Сырдың ақыны Толыбай Абылаевтың "Аралдан көшкен ағайын", "Теңіз түбіндегі кент", өлеңдерінде мәңгілікқұтты қоныс болған мекендердің шөлді, тұзды, сорлы өлкелерге айналуын ғарыш айлағынан ұшқан зымырандар құлауынан, атом сынықтары зардаптарынан деп түсінеді.
Ақын "Арал көшіп барады" өлеңінде былай жырлайды:
Мынау заман түсі жат,
Аждаһадай араны,
"Ақтабанға" ұшырап,
Арал көшіп барады.
Кісәпірлер құртты Алла-ай,
Жайсаң едім жағалы.
Жел айдаған бұлттардай
Арал көшіп барады.
Бұл бейнебаянда әйгілі ТМ-99 кемесі көрсетіледі. Кеме Аралдан 320 шақырымдай жердегі Тұщыбас шығанағында қалған. 2017 жылы толық кесілді.
2015 жылы британиялық "Pink Floyd" музыкалық тобының Арал теңізі жайлы "Louder than words" бейнебаяны сол кемеде түсірілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2204738-olkemizding-ongi-bugin-zhudegen-aral-tengizi-turaly-korkem-shygarmalar-toptamasy/