Ең төменгі жалақы, зейнетақы: 2024 жылы әлеуметтік салада қандай өзгерістер болды
Жарияланған күні:
![Ақша Ақша](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/5a6dc460034864a1.jpeg)
Кез келген мемлекет үшін әлеуметтік саланың дамуы – маңызы зор мәселе. Азаматтардың табысын және әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақы мен зейнетақыны арттыру халықтың тұрмысына, сапалы өмір сүруіне әсер етеді. Әлеуметтік салада биыл не өзгергенін және алдағы жылы қандай өзгерістер болатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2024 жылғы ең төменгі жалақы, зейнетақы мөлшері қандай
Үкіметтің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы (52,8 пайыз) әлеуметтік салаға бағытталды. Жыл сайын зейнетақыны көтеру аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемдер: базалық зейнетақы 7 пайызға, ынтымақты зейнетақы 9 пайызға инфляцияны ескере отырып, индекстелді. Нәтижесінде 2,4 млн зейнеткердің оның ішінде, БЖЗҚ жинақтау қорынан зейнетақы алатын 459,3 мың зейнеткердің зейнетақысы көбейді.
Орташа зейнетақы көлемі 165 мың теңгеден асты. Бұдан бөлек, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көбейту жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы 2028 жылға қарай 5 пайызға ұлғаяды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін артты. 1,8 млн адам, оның ішінде бюджет қызметкерлері қамтылған.
2024 жылы 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 401 мыңнан астамы – жастар. 9 мыңға жуық азамат, оның ішінде мүгедектігі бар жандар және ерекше қажеттілігі бар балалы ата-аналар бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге болады. 2024 жылмен салыстырғанда АЕК мөлшері 6,1 пайызға, 240 теңгеге өсті.
![Әмияндағы банка карточкасы мен қағаз ақша Әмияндағы банка карточкасы мен қағаз ақша](https://cdn.nur.kz/images/1120/79b830074a232c64.jpeg)
Айлық есептік көрсеткіш жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі. Заңға Қазақстан президенті 2024 жылғы 4 желтоқсанда қол қойды.
АЕК-тен бөлек, құжатта ең төменгі жалақы мөлшері, зейнетақының ең төменгі мөлшері, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі бекітілді:
- Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) — 85 000 теңге.
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 32 360 теңге.
- Зейнетақының ең төменгі мөлшері — 62 771 теңге.
- Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шегі — 46 228 теңге.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы
2024 жылдан бастап Қазақстанда "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. 2024 жылғы 1 ақпаннан төлемдер аударыла бастады, олар Қазақстан азаматтығы бар 18 жасқа дейінгі барлық балаға арналған. 2024 жылы бағдарлама қатысушыларының шоттарына 695,5 млн доллар төленді.
30,6 млн доллар 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға төленеді. Қазірдің өзінде уәкілетті операторлар арқылы 3,4 млн доллар сомасына 33,5 мыңнан астам өтінімнің қаражаты банктік шоттарға аударылды. Оның ішінде 1,8 млн доллар сомасына 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, 1,6 млн доллар сомасына 15,5 мың өтінім білім алу үшін төленді.
![Ақша және баспана Ақша және баспана](https://cdn.nur.kz/images/1120/7b9d1076ef3e067d.jpeg)
Қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесі
Қазақстандықтар үшін үй мәселесі – қашан да өзекті. Биыл үкімет осы секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шараларды іске асырды. Атап айтқанда, тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, бір жылда (2024 жылғы қараша 2023 жылғы қарашаға) жаңа тұрғын үйлердің және қолданыстағы пәтерлердің бағасы орташа есеппен 3,4 пайыз өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қарашада 7 пайыз жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа салынған үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе қаласында – 11 пайыз, Көкшетау қаласында – 10,1 пайыз, Тараз қаласында 10 пайыз едәуір қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (16,7 пайыз), Астана, Көкшетау қалалары (9,8 пайыз), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Орал (24,2 пайыз), Шымкент (24,1 пайыз), Талдықорған (20,8 пайыз) және Петропавл қалаларында (20,5 пайыз) тіркелді.
Жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарламалар негізінде 2024 жылы "Отау", "Наурыз" бағдарламалары іске қосылды. "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова үкімет басшысына "Наурыз", "Отау" және "Асыл мекен" сияқты ипотекалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы баяндаған еді. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 6,6 мыңнан астам адам қарыз ресімдеп, өз баспанасының иесі атанды.
Бұдан бөлек жеңілдетілген "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы және 35 жасқа дейінгі жастарға арналған ипотекалық бағдарламалармен де қазақстандықтар үйлі болды.
![Жұмысшы Жұмысшы](https://cdn.nur.kz/images/1120/94603c22eab47433.jpeg)
2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйекте айында Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланатын айтқан еді.
"Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз", - деді президент жолдауда.
2024 жылы қандай жаңа төлемдер енгізілді
2024 жылы зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтар үшін жаңа арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Ол төрт компоненттен тұрады:
- республикалық бюджеттен;
- сақтандыру компаниясынан;
- жұмыс берушінің есебінен;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ).
![ақша салынған конверт ақша салынған конверт](https://cdn.nur.kz/images/1120/2c0b1f2ee085e45d.jpeg)
Оның мөлшері төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес жыл сайын өседі, 2025 жылы ол 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге дейін өседі. Бұл төлемді БЖЗҚ-ға 7 жылдан кем емес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МЗЖ) төлеген азаматтар ғана ала алатынын айта кеткен жөн. Ал төлем тағайындалу үшін қызметкер қауіпті жұмыстан шығуы,демалысқа шығуы немесе қауіпсіз жұмысқа ауыстырылу керек.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылғы 24 желтоқсандағы жағдай бойынша 13 423 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 14 195 адам өтініш білдірген.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 201 адам жүгінді, оның ішінде 3 087 адамға тағайындалды.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдердің көлемін 6,5 пайызға ұлғайту туралы шешім қабылданды.
![Баласын құшақтап тұрған ана Баласын құшақтап тұрған ана](https://cdn.nur.kz/images/1120/7c129249e3152389.jpeg)
Декреттік төлемдер бойынша 2025 жылы қандай өзгерістер болады
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.
2025 жылғы есеп бойынша төленетін жәрдемақы:
- Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 649 теңге;
- Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- Үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 867 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
Оның мөлшері бала санына қарай есептеледі. 2025 жылғы есеп бойынша төленетін жәрдемақы:
- Төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- Бес балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- Алты балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- Жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
Сегіз және одан көп баланың әрбіріне 28,06 АЕК-ге 4 АЕК (15 728 теңге) қосылып отырады.
Декреттік демалысқа шыққан жұмыс істейтін әйел немесе ер адамға бала 1,5 жасқа толғанға дейін жәрдемақы басқаша төленеді. Бұл төлем соңғы 24 айдағы табыстың негізінде есептеледі.
Айта кетейік, биыл сәуірде Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын заңға қол қойған болатын.
Ең маңыздыларының бірі – "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы" заң. Оның миссиясы – жазаны қатайту, жәбірленушілерге көмек көрсету үшін елімізде отбасын қолдау орталықтарын құру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205707-2024-zhyly-aleumettik-salada-qandai-ozgerister-boldy/