Top.Mail.Ru

Зектілері

Ақтауға Бразилиядан Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келді

Жарияланған күні:

Embraer өкілдері
Embraer өкілдері. Фото: Көлік министрлігі

Ақтауға Бразлиядан Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келді. Бұл туралы Көлік министрлігі Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Бразилиядан Ақтау қаласына Чикаго Конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келді. Тергеп-тексеру жөніндегі Комиссия авиациялық оқиға орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындады.

Сондай-ақ алдағы күндері елімізге CENIPA өкілдері (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы) келеді деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның ішінде 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.

ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.

26 желтоқсанда Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтты. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.

Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болып, олардың тізімі жарияланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.

Сонымен қатар тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасына қандай өтемақы берілетінін мәлім етті.

Бұл ретте вице-министрі Қанат Бозымбаев тергеу аяқталмайынша, қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206031-aqtauga-embraer-aue-kemesin-ondirushi-zauyttan-arnaiy-okilder-keldi/