Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халықтың мәңгі есінде": атыраулық шебер су тасқыны кезінде қап тасыған Пшөн атты итке арнап мүсін жасады

Жарияланған күні:

Пшөн атты иттің ескерткіші
Фото: Азамат Кенжеғалиев

Атыраулық мүсінші Азамат Кенжеғалиев су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектесіп, кейін ит атушылардың қолынан қаза тапқан Пшөн атты итке арнап мүсін жасап жатыр. Атыраулық шебер KAZ.NUR.KZ порталының тілшісіне сұқбат берді.

Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны Азамат Кенжеғалиев ескерткіш жасауды су тасқыны кезінде аты шыққан Пшөн атты иттің өлімінен кейін бастап кеткен. Ол оқиға өзіне қатты әсер еткенін айтады.

"Итті атып кеткен күні Пшөнге мүсін тұрғызу ойыма келді. Өйткені ол көктемгі су тасқыны кезінде кей адамдар жасамағанды жасады. Қап тасып жүрген видеоларын көріп бір тамсанып қалып едік. Негізгі мақсатым – адамгершіліктен жұрдай емес екендігімізді, бойымызда аз да болса мейірім бар екенін дәлелдегім келеді", - дейді Азамат Кенжеғалиев.

Бүгінде жұмыс 80 пайызға аяқталған. Автор ескерткіштің қасына символ ретінде қаптың да мүсінін жасауды жоспарлап отыр. Қыста суыққа, жазда ыстыққа шыдау үшін конструкцияны темірден жасауды жөн көрген. Билік қолдау білдірсе, ескерткішті Атырау қаласының орталық көшелерінің біріне қойғысы келетінін айтады.

Пшөн атты иттің ескерткіші
Фото: Азамат Кенжеғалиев

"Бұл мүсінді мен өз бастамаммен жасап жатырмын. Керек-жарақтың бәрін өз қаражатыма сатып алдым. Инстаграмдағы өзімнің жеке парақшама жұмысым туралы салдым. Халық қолдап, жылы лебіздерін білдіруде. Кейбірулер жеке шотымды сұрап, "үлесім болсын" деп азғантай көмектерін тигізіп жатыр. Енді әкімдік қолдау білдіріп, ескерткішті Индерден қалаға жеткізу жұмысын ұйымдастырып берсе нұр үстіне нұр болар еді. Су тасқыны Атырау облысының тарихында қалады. Сол кезде еңбегі сіңген Пшөн де халықтың мәңгі есінде", - дейді мүсінші.

45 жастағы индерлік шебер Азамат Кенжеғалиев темірден мүсіндер, көрнекі заттар, түрлі бұйымдарды 10 жылдан бері жасайды. Бұл қасиет оған кезінде суретші болған әкесінен дарыған. Кейіпкеріміздің туындылары Индер ауылының саябақтарына, Орал қаласы көшелеріне сән беріп тұр.

Автордың айтуынша, басқа мүсіндерден оның туындыларының ерекшелігі – темірден жасалады, желге ұшпайды, түсі кетпейді, жаңбыр мен қарға төзімді, ұзақ мерзім өткеннен кейін де өзінің бастапқы қалпын жоғалтпайды, әрі конструкциясы жеңіл, кез келген жерге тасымалдауға оңай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206725-halyqtyng-manggi-esinde-atyraulyq-sheber-su-tasqyny-kezinde-qap-tasygan-itke-arnap-musin-zhasady/