"Далада қалуымыз мүмкін": Шымкентте шәкірттері "жайлы мектепке" ауысқан ұстаздар жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Шымкентте №69 мектеп мұғалімдері нәпақасыз қаламыз деп алаңдап отыр. Өйткені білім ұясының мыңнан астам шәкірті аумақта ашылған "жайлы мектепке" ауыспақ, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бүгінде оқушы саны азаятынын естіген ұстаздар айлықтың кемитініне де сенімді. Сөздерінше, білім ұясының басшылығы бұған дейін жаңа мектепке оқушылармен қоса мұғалімдердің де ауысатынын мәлімдеген. Бірақ айтылған сөз сол жерде қалды, дейді наразы топ.
"Бұған дейін мектеп директоры "жайлы мектепке" оқушылармен қоса біздің ауысатынымызды айтқан. Өйткені қазір №69 мектепте екі мыңнан аса оқушы тәлім алады. Ал оларға сабақ беретін мұғалімдер саны екі жүзден асып жығылады.
Шәкірттеріміздің жартысынан көбі басқа ғимаратқа ауысса, сағатымыз азаятыны белгілі. Осыған байланысты басшылық біздің де сол жаққа кететінімізді айтып жұбатқан еді. Бірақ "жайлы мектеп" ашылған соң бәрі өзгеріп шыға келді. Ол жаққа тек байқаумен қабылдайды екен", - дейді мектеп мұғалімі Айғаным Егеубаева.
Ұстаздардың айтуынша, байқаудың әділ өтуі екіталай. Ал оған күмән келтірген мұғалімдер "жайлы мектепке" шәкірттерімен қоса ауыстыруды талап етіп отыр.
"Жан-жақтан 1 млн, 2 млн теңге беріп жұмысқа кірмекші дегенді естіп жатырмыз. Мұндай сөздерді әлеуметтік желідегі пікірден де оқыдық. Біз өз білімімізге күмәнданбаймыз. Біз байқауға күдікпен қараймыз. Жарайды, бізде санат бар. Бірақ жас мамандар қайтеді. Онсыз да 5-6 сағатпен жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз қайтпек? Мұғалім мәртебесі деп ұрандағанда бәрі керемет. Бірақ іс жүзінде ұстаз мәртебесін көтеріп жатқан біреуі жоқ", - дейді Айғаным Егеубаева.
Жұмыссыз қалатын болдық деген ұстаздар саны жүзден асады. Жанайқайын әкімдік алдына барып айтқан мұғалімдер мардымды жауап ала алмай келдік, дейді.
"Мен өзім дене шынықтыру сабағынан беремін. Сағатымыздың саны бар-жоғы сегіз. Ол дегенің жүз мың теңге. Жүз мың теңгеге қазір кім өмір сүре алады? Ақшамыз кейде азық-түлікке де жетпей қалады. Не такси жүргізушісі боламыз, не құрылысқа шығамыз. Сөйтіп мұғалімдікпен қатар құрылысшы болып жүрген жайымыз бар. Енді бала саны азайса, тіпті далада қалуымыз мүмкін", - дейді Досымхан Рсымбеков.
Ал жауаптылардың айтуынша, бас көтерген №69 мектеп биыл аттестациядан өте алмай қалған. Сондықтан мұғалімдер "жайлы мектепке" өз білімін дәлелдеп қана ауыса алады дейді.
"Қараша айында ашылған екі "жайлы мектебімізге" басқа мектептен ауысу тәртібімен келген педагогтар сапа бойынша төмен нәтиже көрсетіп отыр. Қазақстанда 20 облыс болса, біз 20-орында тұрмыз. Себебі басқа мектептен ауысып келген мұғалімдер ең төменгі санатты мұғалімдерді жібереді. Бүгінгі таңда лицензия алмау қаупі бар", - дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әсет Шорахмет.
"Жайлы мектептің" мұғалімдерге жайсыздық тудырғанын айтқан ұстаздар енді президентке үндеу жасаудан басқа амал жоқ дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2207325-dalada-qaluymyz-mumkin-shymkentte-shakirtteri-zhaily-mektepke-auysqan-ustazdar-alangdauly/