Ақтаудағы ұшақ апатын зерттеу қорытындысы 2025 жылдың аяғына дейін жариялануы мүмкін
Жарияланған күні:
Ақтау әуежайы маңында былтыр 25 желтоқсанда болған ұшақ апатын зерттеу қорытындысы 2025 жылдың аяғына дейін жариялануы мүмкін. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Әуе апатын зерттеу құзырлы халықаралық сарапшылардың бәрінің қатысуымен жүріп жатыр. Қазақстан заңдары мен ICAO стандартының 13-қосымшасына сәйкес, алдын ала есеп әуе апаты болған күннен 30 күн ішінде жариялануға тиіс.
Айта кетерлік жайт, комиссия, 13-қосымшасына сай, тергеуді 12 айдың ішінде аяқтауды көздеп отыр", - деп хабарлады Қазақстан көлік министрлігі.
Министрлік мәліметінде сарапшылар тобы күнде жұмыс істеп жатқаны айтылған.
Бұған дейін Бразилия әуе апаттарын болдырмау және зерттеу жөніндегі орталығының (CENIPA) мамандары Embraer 190 "қара жәшігін" тексеруге кіріскені мәлім болған.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын маңда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшып шыққан жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, соның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. 29 адам тірі қалды. Қазақстанның алты азаматы қаза тапты.
29 желтоқсанда Қазақстан апатқа ұшыраған ұшақтың "қара жәшігін" CENIPA орталығына беретіні мәлім болды.
Ертесіне әуе апатын зерттеу жөніндегі комиссия "қара жәшікпен" бірге Бразилияға ұшып шыққаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208224-aqtaudagy-ushaq-apatyn-zertteu-qorytyndysy-2025-zhyldyng-aiagyna-deiin-zhariialanuy-mumkin/