Top.Mail.Ru

Зектілері

Шымкентте 6 жайлы мектеп пайдалануға берілді

Жарияланған күні:

Мектептегі оқушы
Мектептегі оқушы. Фото: pexels.com

Шымкентте жаңа тоқсаннан бастап 7 мыңнан астам бала оқуын жайлы мектепте жалғастырады. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, аймақта 6 заманауи білім ордасының құрылысы аяқталған. Бүгінде олар әдістемелік оқу құралдары мен түрлі зертханалық кабинеттермен жабдықталған.

Ең бастысы, жаңа нысандардың ашылуы бала саны шамадан көп мектептердегі мәселелерді шешуге сеп болмақ.

"Тұран-2" шағын ауданында салынған бұл жайлы мектеп 1200 орынға лайықталған. Тазалық пен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлініп, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Оқу ордасының директоры "Мың көшбасшы" кадрлық резервінен таңдалып, педагогтарға конкурс жарияланды.

"Өте мықты, өзіне сенімді, тәжірибелі, санатты мұғалімдер келеді деп күтіп үміттеніп отырмыз. Себебі бізге "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында мемлекет тарабынан, Оқу-ағарту министрлігі тарабынан жалпы халық тарабынан үлкен міндет жүктеліп отыр", - дейді қалалық №144 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Рысгүл Ыбраева.

Заманауи оқу ордасында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін пандустар мен жеделсатылар және арнайы коворкинг алаңдар қарастырылған. Шығармашылық қолдау орталықтары құрылып, спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Мұндай мектеп "Тұран-2" шағынауданынан бөлек, "Жаңа Тұрлан", "Ұлағат" және "276-орамда" салынды. Сонымен қатар "Бозарықта" 2 мың орындық білім ұясы ашылып, Ақжарда 600 балаға арналған мектеп құрылысы аяқталды.

Телеарна дерегінше, Шымкентте 21 мектепте бала саны шамадан көп, орын жетіспейді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, осы мәселені шешу үшін ұлттық жоба аясында жалпы 11 "Жайлы мектеп" салынған. Нәтижесінде 16 мыңға жуық жаңа орынға ата-ана келісімімен оқушыларды көшіру тәртібі қарастырылады.

"Бірінші кезекте басымдылықты сол шағын аудандарда тұратын балаларға береміз. Екінші кезекте жалпы ата-аналардың өтінішіне сәйкес сол жерде білім алғысы келетін білім алушыларды қабылдаймыз.

Ниет білдірушілердің қатары көп. Толмай қалу немесе бала тиісті дәрежеде қабылдай алмай қалу деген қауіп жоқ", -деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева.

Шымкентте барлығы 18 "Жайлы мектептің" құрылысы жоспарланған. Биыл қалған жеті білім ордасын қолданысқа беру үшін құрылыс жұмыстары қызды. Сала мамандарының айтуынша, ол үшін шалғай шағын аудандарда жер телімі таңдалынып, оқушының орталыққа қатынамай-ақ сапалы біліммен қамтылуына жағдай жасалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208678-shymkentte-6-zhaily-mektep-paidalanuga-berildi/