Ақтаулық жаттықтырушы қыздың өлімі: облыстық прокуратура сот шешімін апелляцияға берді
Жарияланған күні:
Ақтауда фитнес жаттықтырушысы болып істеген 29 жастағы қыздың жантүршігерлік өлімі әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Жақында қызды өзіне қол салуға итермеледі деген күдіктілерге сот үкімі шықты. Алайда марқұмның інісі үкіммен келіспейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 2024 жылы мамырда болған. Қыздың өзіне қол жұмсауына түрткі болған жағдай туралы НеМолчиKZ қорының Instagram-дағы парақшасы егжей-тегжей жазды.
Ақпаратқа сәйкес, 29 жастағы фитнес жаттықтырушы қыз жұмыстан соң үйіне қайтып келе жатқан. Жалғыз келе жатқан қызды көрген бес ер адам оны ұрып-соғып, көлікке күштеп кіргізіп алып, қорқытып, еркінен тыс есірткі беріп, зорлық-зомбылық көрсетіп, таңға дейін қинаған. Атына 2 млн теңге несие рәсімдеткен. Қылмыстық іс фигуранттары қызды келесі күні жіберіп, болған жайт туралы ешкімге тіс жармауын ескерткен. Әбден қорланған бойжеткен басынан өткен оқиғаны құрбысына айтып берген. Ал құрбысы жантүршігерлік жайт туралы қыздың інісіне жеткізген.
"Мен әпкемнің басынан өткен оқиғаны тек үш күннен соң, 18 мамырда түскі уақытта білдім. Ал әпкем сол күні кешке қайтыс болды", - дейді інісі.
Іс сотқа жетіп, 2024 жылы 19 желтоқсанда үкім шықты. Қылмыстық іс бойынша бес айыпталушы болды.
Сот процесінде прокурор осы істегі басты күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, ал қалған төртеуіне 15-16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Алайда істі қараған судья тағылған айыпты қайта саралаған. Сот негізгі фигурантқа 20 жыл, ал қалған төртеуіне 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады.
Әпкесінің өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші портал тілшісіне соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенін айтты.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының прокуратурасы да қыздың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сот үкіміне апелляциялық өтінішхат енгізгенін мәлім етті.
"2024 жылы 19 желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жәбірленушіге қатысты жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша негізгі фигурантқа 20 жыл, ал оның төрт көмектесушілеріне 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Өз кезегінде прокурор өзінің жарыссөзінде бас фигурантқа өмір бойына, ал басқа қатысушыларға 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Маңғыстау облысы прокуроры сот жарыссөзінде баяндаған ұстанымға сәйкес сот үкімінің саралау бөлігі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен 2025 жылғы 5 қаңтарда апелляциялық өтінішхат енгізілді", - деп түсінік берді іске қатысты облыстық прокуратура өкілі.
Қазіргі таңда іс сотта қаралып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210241-aqtaulyq-zhattyqtyrushy-qyzdyng-olimi-oblystyq-prokuratura-sot-sheshimin-apelliatsiiaga-berdi/