Шымкентте 13 мыңнан астам отбасы дағдарыс жағдайынан шықты
Жарияланған күні:
Шымкентте 13 мыңнан астам отбасы дағдарыс жағдайынан шықты. Бұл мәлімет Отбасының цифрлық картасы жүйесінен алынды. Аталған картада 84 өлшемшарт негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі бағаланады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Цифрлық картаның мәліметтері мемлекеттік органдар мен аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ өңірлердегі жағдайды талдауға көмектеседі.
"Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер бойынша, 2024 жылғы 1 тамызда D және E санаттары, яғни дағдарыс және мүшкіл санатындағы отбасылардың саны 81 091 отбасыны құраған еді.
Жыл соңына дейін бұл санаттағы отбасыларды 5 пайызға (1 241 отбасыға) төмендету жоспары бекітілген. Нәтижесінде жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 17,9 пайызға төмендеп, 13 241 отбасы дағдарыстан шығып, әлеуметтік тұрғыдан жақсарғаны белгілі болды", - делінген хабарламада.
Биылдан бастап осы картаның деректері бойынша D және E санаттарындағы, яғни дағдарыс және мүшкіл жағдайдағы отбасылардың санын азайту мақсатында аудан әкімдіктерінің көрсеткіштері бағаланады.
Осылайша аудан аудан әкімдері, тиісті мемлекеттік органдармен бірге, отбасыларды қиын немесе мүшкіл жағдайдағы (D, E) санаттардан жақсартылған санаттарға ауыстыру шараларын жүзеге асырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210498-shymkentte-13-myngnan-astam-otbasy-dagdarys-zhagdaiynan-shyqty/