Көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл: экология министрі уәделі экспериментті жасап көрді
Жарияланған күні:

Министрлер кабинетінде өткен брифингте экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салуды қолдайтынын мәлімдеген. Ол журналистерге көлікті қыздыруға бұл уақыт жеткілікті екенін айтқан және өзі эксперимент жасап көруге уәде берген. Ал бүгін, 22 қаңтарда министрліктің Instagram-дағы ресми парақшасында министр экспериментінің видеосы жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің ресми аккаунтында жарияланған видеода ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев көлігін қыздырып жатқаны бейнеленген. Кадрларда ол таймерді қосып, 5 минут өткен соң қозғалысты бастайтынын айтқан. Ол видеода далада сол сәтте ауа температурасы 17 градус суықты көрсетіп тұрғанын жеткізді.
"Түрлі пікір бар. Бірақ жалпы алғанда мен 50 градус қозғалысты бастау үшін жеткілікті деп есептеймін. Бірақ бұл жерде бір шарт бар, егер температураны 50 градусқа жеткізсеңіз, қозғалыс басталғаннан кейін тағы бір 5 минуттай уақыт аз жылдамдықпен қозғалу керек. Бірақ 50 градус деген қалыпты", - деді министр.
Айта кету керек, кеше, 21 қаңтарда өткен брифингте ол:
"Менің пікірім. Экология тұрғысынан алғанда, біз көлікті қыздыруды бес минуттан асырмау сияқты тәсілді қарастыратын жол қозғалысы ережелерін сақтау өте маңызды деп санаймыз. Солтүстік өңірлерге келсек, көлікті көптен бері пайдаланып келе жатқан бәріміз де оны қыздыруға, жолға шығуға 5 минут жеткілікті деп айта алатын шығармыз. Бұл кез келген солтүстік аймаққа қатысты. Сондықтан жанармай үнемдеу тұрғысынан көптеген адам бұл мәселеде әлдеқайда тиянақты бола бастады. Ал экология тұрғысынан біз бұл тәсілді толықтай қолдаймыз", - деген болатын.
Ол журналистерге эксперимент жүргізуге уәде берді.
"Бүгін мен міндетті түрде көлікті түнде сыртқа қоямын және таңертең қарап көремін. Сізге тәжірибем мен нәтижелерімді айтып беретін боламын", - деді министр.
Еске сала кетейік, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова бұл ереженің 20 жылдан бері бар екенін айтқан еді. Осылайша, қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралы бес минуттан астам бір орында қозғалмай тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық деп танылады.
Осы орайда сенат кулуарында әділет вице-министрі Ботагөз Жақсылекова қандай жағдайда көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу туралы заң нормасы қайта қаралатанынын айтып берген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2214240-kolikti-5-minuttan-artyq-qyzdyrgany-ushin-aiyppul-ekologiia-ministri-uadeli-eksperimentti-zhasap-kordi/