"Ауыл ауыл болғалы өзеннен алып ішеміз": ШҚО-да иінағашпен су тасып жүрген әжейдің видеосы елді сүйсінтті
Жарияланған күні:

Отандық блогер әрі фотограф Ернар Алмабек Қатон-Қарағай өңіріне сапары кезінде ерекше көрініске тап болған. Оның назарына иінағаш көтерген әжей түскен. Өзеннен су тасып ішетін әжейдің видеосы желі қолданушыларының қызу талқысына түсті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Блогердің айтуынша, су тасып жүрген әжей белгілі жазушы Қалихан Ысқақтың ауылы - Топқайыңның тұрғыны. Ол әжейді Қатон-Қарағайда жасаған сапары кезінде көрген екен.
"Гүлнар апайды Қатонқарағайдан Өскеменге қайтып бара жатқанда кезіктірдім. Жолай жазушы Қалихан Ысқақ атамыздың ауылы Топқайыңға соққанмын. Өзен жағасына жақындағанымызда иінағаш асынып үйінен шығып келе жатқан кісі көрінді. Алыстан бір сурет тартып, жақындағанда сұхбатымызды бастап кеттік. Әңгімелесе келе ауылда су мәселесі барын білдім. Гүлнар апайымыз "Жалғыз колонка ауылдың басқа тұсында. Онда барып-келуге екі сағат кетеді. Өзен жақын болғандықтан, суды осы жерден алып ішеміз" дейді.
Биыл Қалихан Ысқақтың 90 жылдығы. Соған орай әкімшілік дүбірлетіп той жасамаса да туған ауылына су құбырын өткізіп берсе, марқұмның әруағы риза болар деп ойлаймын. Видеоны таратайық. Бәлкім тиісті мекемелер көріп, мәселенің шешілуіне септігіміз тиер", - деп жазған ол.
Видео кейіпкері болса, ауыз су проблемасы мұнда бұрыннан барып, ал суды "өзеннен ауыл ауыл болғалы тасып ішетінін" жеткізген.
Желі қолданушылары Ернар Алмабектің видеосына жылы лебіздерін білдіріп, тіпті кейбірі әжейді танитынын жазып жатыр.
"Тұтас бір дәуірге ұстаздық етіп, бізге сабақ берген Гүлнара апайымыз. Ұзақ жыл оқу ісінің меңгерушісі болған апайымыз бұйырса биыл 72 жасқа толады. Ереке саған үлкен рахмет!", "Колонка емес, үйді үйге су кірсін! Күшті табиғат,таза ауа", "Иінағаш. Бала кездегі ыстық көріністер. Бірақ жасы келгенде қиын ғой", "Қандай керемет, апаның жүзіңнен мейірім төгіліп түр. Қаймағы бұзылмаған ауылды көріп керемет сезімде отырмын. Шығармашылық табыстар тілеймін, керемет кадрлар", "Керемет көрініс. 1 минуттық видеодан қазақ елінің тұрмысын көзбен көргізіп, жүрекпен сезіндіре алдыңыз. Жүрегім ауырып кетті. Швейцария сияқты дамуымызға әле қанша жыл керек екен...", - деп жазды олар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2215620-auyl-auyl-bolgaly-ozennen-alyp-ishemiz-shqo-da-iinagashpen-su-tasyp-zhurgen-azheiding-videosy-eldi-suisintti/