Зектілері

"Текке ақша шашу": Алматы метросына қойылып жатқан қоршау жолаушылардың көңілінен шықпады

Жарияланған күні:

Метро
Метро. Скриншот: "КТК" арнасы

Алматы метросына қойылып жатқан темір қоршау жолаушылардың көңілінен шықпады. Көбі мұны "текке ақша шашу" деп есептейді. Қоршаулар былтыр 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап мерт болған соң орнатыла бастаған. Оның үстіне метро басшылығы оны "уақытша шара" деп түсіндіріп отыр. "КТК" тілшісі жер астына түсіп, темір қоршауларды көріп қайтты.

Темір қоршауды осы күндері метроның кейбір бекетіне орната бастады. Десе де бұл қоршау платформадан құлап кетуден қаншалықты қорғайтыны түсініксіз. Темірдің ортасы ашық, яғни ересек адам мұны байқағанымен, кішкентай жолаушылар түсіп кетуі әбден мүмкін.

Жауаптылар қоршаулардың вагон арасындағы ашық кеңістікті шектеу үшін уақытша орнатылғанын айтады. Қазір әр платформада үш темірден қойылған. Метрополитендегілер бір-екі күнде оның ортасына әйнек салынады деп сендірді.

Жолаушылардың бірі мұндай шешімді қолдаса, енді бірі оның дұрыс жұмыс жасайтынына күмәнмен қарайды. Өйткені пойыз дәл сызыққа тоқтамаған кезде, вагондардың арасы ашық қалып, темір қоршаулар айдалада қалады.

"Қауіпсіздікті қамти алмайды. Себебі ортаға түспей қалуы мүмкін. Екі вагонның ортасына түсетініне нақты кепіл бере алмайды", "оны кәдімгі мамандар жақсылап ойланып, халыққа, мүмкіндігі шектеулі адамдарға да ыңғайлы жағдайда жасау керек. Әйнек те дұрыс емес-ау. Себебі мен таңертең сегіздерде Момышұлы станциясынан мінемін, адам көп, бір-бірінің үстіне шығып кетеді", "адам өміріне қауіп төнбейтіндей қоршау орнату керек. Әйтпесе мына жер өте қауіпті. Балалар жүгіріп өтіп кетеді. Сондықтан да қоршау керек деп ойлаймын", - дейді тұрғындар.

Былтыр 26 жастағы зағип жігіт вагонға мінемін деп платформадан құлап қаза тапқан болатын. Айта кетейік, қоршаулар метрополитеннің өз есебінен қойылып жатыр. Бірақ бұл да бір жылдан соң алынады. Метрополитендегілер темірге кеткен қаржыны ашып айтпай отыр. Олар ендігі жылы жаңа жоба дайындап, бюджеттен ақша алмақшы. Жоспар бойынша, жер астындағы бекеттерге шет елдердегідей тұрақты платформа есіктер орнатылады екен.

"Жылжымалы платформа есіктері орнатылады. Біз оны қойғанша, мына темір қоршаулар тұрады. Биіктігі, шамамен бір жарым метр. Яғни есіктер пойыз келгенде автоматты түрде ашылады, платформадан вагон кетіп қалған жағдайда жабылады. Қазір "Қалқаман" мен барлық бекетте құрылыс жүріп жатыр. Ол жобада бірден қоршау орнату қарастырылған", - дейді "Алматы метрополитені" КМК директорының орынбасары Әрсен Жангелдин.

Сарапшылар стандартқа сай емес бекеттердің кесірінен тағы да адам өлімі болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан мамандар жолаушылар қауіпсіздігін қаматамасыз ету үшін алдын ала қамданған абзал. Яғни қоршаулар, кем дегенде екі метрді құрайтын әрі екі есікті болу қажет дейді.

"Алғашқы күннен бастап маған "метро неліктен халықаралық стандартпен салынбады?" деген сұрақ келді. Яғни платформада қос есік болуы қажет. Ақыр соңында, тек қайғылы жағдайдан кейін ғана қандай да бір шешім қабылданғанын көріп отырмыз. Біз Ресей принципін ұстанған шығармыз. Мәселен, Мәскеу мен Петерборда қоршаулар жоқ. Не болса да шешім шығарылды. Жақын арада заманауи қоршаулар орнатылуы мүмкін", - дейді автосарапшы Арсен Шакуов.

Алматыда алғаш рет метро бекеті осыдан 14 жыл бұрын пайдалануға берілген. Қазір жерасты көлігінің жолы одан әрі созылып жатыр. Күніне кем дегенде 100 мыңға жуық жолаушы ары-бері жүріп өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216798-tekke-aqsha-shashu-zholaushylar-almaty-metrosyna-temir-qorshau-qoiganga-qarsy-bolyp-otyr/