"Бұл сынақты 20 рет тапсырдым": 17 жастағы қазақ қызы IELTS-тан әлем бойынша максималды балл алды
Жарияланған күні:

17 жастағы қазақ қызы халықаралық деңгейдегі ағылшын тілі сынағы - IELTS емтиханынан ең жоғарғы балл алды. 11 сынып оқушысы әлем бойынша осындай жаста 9 балл алған тұңғыш адам, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
17 жастағы Сая Қыдырәлінің 9 балл алғаны әлеуметтік желіден белгілі болды. Ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында әсерлі видео жариялап, анасынан сүйінші сұраған.
Ол бұл жетістікке қалай жеткенін "Қазақстан" телеарнасына берген сұхбатында толығырақ айтып берді. Оқушының айтуынша, ол әлемде мұндай жетістікке жеткен алғашқы жан.
"Гиннес рекордтар кітабына өтініш бердік. Қазір қабылданып жатыр. Ал әлем бойынша 17 жаста осындай ұпай жинаған әлемдегі алғашқы жанмын. Бұған дейін мұндай балл алған адамның жасы 20-да болған", - дейді Сая.
Сая маңызды сынақтан максималды балл жинау үшін қаншама жылын сарп еткенін айтады. Ал шет тілін 6 жасынан бастап үйрене бастаған.
"Бұл сынақты тапсыруға бірнеше жылымды арнадым. Ағылшын тілін 6 жасымнан үйрене бастадым. 7 жасымда дұрыс методиканың арқасында еркін сөйлей бастадым. 9 жасымда ерікті ретінде сабақ бере бастадым. Бірінші IELTS-ті 11 жасымда тапсырғанмын. Ағылшын тілінің деңгейі жоғары болса, небәрі 6,5 ұпай жинап қалдым. Бұл емтиханға ағылшын тілін білу жеткіліксіз. Оның қыр-сырын түсіне білу керек. 15 жасымда екі рет тапсырдым, 16 жасымда 8,5 ұпай жинадым. Жалпы алғанда бұл сынақты 20 рет тапсырдым", - дейді ол.
Сая Қыдырәлі биыл мектеп бітіреді. Ол бірден оқуға түспейтінін, бірер жыл өзін басқа салада сынап көргісі келетінін айтты. Ал қазіргі таңда өзі де басқаларға ағылшын тілін үйретіп, болашақта бірнеше елден мектеп ашуды жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2218265-17-zhastagy-qazaq-qyzy-ielts-boiynsha-maksimaldy-ball-aldy/