Шымкентте судья 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:

Шымкентте экс-судья 7,5 жылға түрмеге тоғытылды. Ол алаяқтық, бөтеннің аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Отырар телеарнасы.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-судьяға қатысты іс қаралды. Телеарнаның хабарлауынша, сотталушылардың бірі 110 млн теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыпталды. Сотта экс-судьяның лауазымына кір келтіргені және кінәсін мойындамағаны, судья антына адал болмағаны айтылды.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен қарастырылған құқық бұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оны осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - делінген сот үкімінде.
Телеарнаның хабарлауынша, қылмыстық істе үш айыпталушы бар. Сотталушының бірі танысының әйеліне күйеуіне жеңіл жаза, яғни "бас бостандығынан айырмайтын" жазаны тағайындауға көмектесуге уәде берген. Сот оған қатысты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Ол енді 7 жыл адвокат болып қызмет ете алмайды.
"Сотталушы Д.-ны адвокаттың қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пара беруге азғыру тұрғысынан тағылған айып бойынша Д., А. және М. ақталды, өйткені сотталушылар пара берушіні пара беруге азғырмады, ақшаны беруі К.-ның бастамасы бойынша болған", - дейді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2219684-shymkentte-sudia-7-zhyl-6-ai-merzimge-bas-bostandygynan-aiyryldy/