Зектілері

Сарапшылар Temu қосымшасындағы пайдаланушы деректері қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді

Жарияланған күні:

Ноутбук және телефон
Ноутбук және телефон. Көрнекі фото: Justin Sullivan/Getty Images

Онлайн сауда-саттыққа арналған Қытайдың танымал Temu қосымшасы әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген пайдаланушы тартып жатыр. Тауарлардың тартымды карталары мен арзан бағасы көпшілікті бей-жай қалдырмайды. Алайда сатылып жатқан тауарлар мен пайдаланушы деректері қауіпсіздігі алаңдатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мәселен, осы жылы ақпанның басында Батыс бұқаралық ақпарат құралдары Еуропалық Одақ қауіпті және заңсыз тауарлармен күресу, сондай-ақ тұтынушылар мен нарықтағы бәсекелестікті қорғау үшін Temu-ды қоса алғанда, шетелдік маркетплейстерге арналған жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Бұған қоса, Еуропалық комиссия Цифрлық қызметтер туралы заңның бұзылуына, атап айтқанда, алаяқтардың өнімді қайта сатуына жол бермеу үшін тиімді жүйелердің жоқтығына алаңдаушылық білдіргені хабарланды.

Айта кетейік, өткен жылдың күзінде Еуропалық Одақ заңсыз тауарлардың сатылуын тоқтата алмайды деген қауіппен Қытайдың Temu маркетплейсіне қарсы ресми тергеу бастады.

Маркетплейс туралы ақпаратты зерделеу барысында желіде Батыс сарапшыларының қосымшаға тіркелу кезінде пайдаланушылар енгізетін деректердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірген пікірлерін кезіктірдік. Сарапшыларды Temu маркетплейсінің қарқын алып бара жатқаны алаңдатады, деп жазады politico.eu.

Басылым материалында сарапшыларды бірнеше фактор алаңдатып отырғаны айтылған: қосымшаның құпиялылық пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің жасырын әдістері, сондай-ақ зиянды бағдарламалық жасақтама кесірінен соған ұқсас қосымшалар жұмысының тоқтап қалуы, Бейжіңнің Temu деректеріне әлеуетті қол жеткізуі.

Temu-дің Қытай коммунистік партиясымен байланысы болуы мүмкін екені CSIS (Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы) материалында да айтылады.

"Қайта қаралған меншіктің күрделі құрылымдары желісіне қарамастан, Temu әлі де Қытайдың Ұлттық барлау туралы заңына бағынуы мүмкін, ол заң қытай компанияларын мемлекеттік барлау операцияларына көмектесуге міндеттейді", - делінген материалда.

Материалда бұл Қытай коммунистік партиясына миллиондаған пайдаланушы туралы құпия ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретіні атап өтілген, өйткені "қытай компаниялары үкіметтік аңду қызметтерімен әріптестік орнатуға міндетті".

Сондай-ақ портал материалында Temu өзінің бас компаниясы арқылы People's Data-мен тікелей байланысты екені айтылған, ол Қытай коммунистік партиясы мен Орталық комитеттің бөлімшесі саналады.

Бұл ретте Өкілдер палатасының Барлау жөніндегі тұрақты комитетіндегі республикашыл конгрессмендері Федералдық тергеу бюросы мен АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясынан Temu электронды коммерция қосымшасы мен оның бас компаниясы Pinduoduo туралы ақпарат сұратқан.

Олар екі компания да ұлттық қауіпсіздікке және америкалықтардың жеке дерегіне әлеуетті қауіп тудыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды cyberscoop.com. Басылым ақпаратында заң шығарушылар америкалықтардың жеке деректерінің қорғалуына алаңдайтыны айтылған.

NUR.KZ тілшілері пікір алу үшін Temu-ге ресми сауал жолдаған еді. Temu өкілі компания "жұмыс істейтін нарықтың заңдары мен ережелерін сақтайтынын" хабарлады.

"Бізде тексеруге, өшіруге және жосықсыз саудагерлердің платформаға тіркелуін алдын алуға арналған қатаң жүйе бар.

Temu Мобильді қосымшалардың қауіпсіздік стандартына сәйкестігін растайтын Google зертханасы мақұлдаған тәуелсіз DEKRA сертификациясына ие. Бұған қоса біз жеке деректерді өңдеуге қатысты жергілікті ережелерді қатаң сақтаймыз. Temu ол деректерді ешқашан қытай үкіметіне ұсынған емес және оны сұраған күннің өзінде бұған жол бермес еді", - деп мәлімдеді компания өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2219736-sarapshylar-temu-qosymshasyndagy-paidalanushy-derekteri-qauipsizdigine-alangdaushylyq-bildirdi/