Зектілері

Қазақстанда ет неге қымбат: ауыл шаруашылығы министрі жауап берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ет базары
Ет базары. Көрнекі фото: alexmak72427/Getty Images

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда ет бағасының көтерілу себебін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналистер Қазақстанда ет бағасының күрт көтерілгенін тілге тиек етті. Мысалы, олардың сөзінше, сиыр етінің бір килограмы 3,5 мың теңгеге дейін қымбаттаған.

Олардың айтуынша, шаруалар бұл жағдайды өткен жылы болған қуаңшылықпен байланыстырған: көктемде ет бұдан да қымбаттайды деген болжам бар, өйткені құрғақшылық кезінде мал көптеп сойылған.

"Біріншіден, бәрі сойылған жоқ деп айта аламын. Екіншіден, қуаңшылықтың кесірінен емес. Қуаңшылық алдыңғы жылы болды. Былтыр біз қалыпты өнім алдық. Алдыңғы жылы астық бағасы қанша болғанын білесіздер ме ... ал қазір қанша? Құнарлы азықпен қамтамасыз етуге жем-шөп жеткілікті. Жем өте арзан – 50 мың теңге. Сондықтан бұл ет бағасына еш әсер етпейді", - деді Айдарбек Сапаров.

Министр бағаның көтерілуін Тәжікстан мен Өзбекстаннан қазақстандық етке деген сұраныс артқанымен байланыстырады.

"Олар аймақтарды аралап, сатып алып жатыр. Сосын біздің делдалдар іске араласып, бағаны көтере бастады. Қазір жағдай бірте-бірте тұрақталды. Кеше етпен айналысатындарға қоңырау шалдым. Бағасы 2700 теңгеден 3300 теңгеге дейін барады... Кей жерде 3500 теңге шамасында да бар шығар, ол сүйексіз ет пе, сүйегімен бе, соған да байланысты. Сондықтан жеткілікті, ет жетеді", - деп жауап берді ауыл шаруашылығы министрі.

Айдарбек Сапаров бағаға қатысты болжам айтудан бас тартты, министрі сұрақтың күрделілігін алға тартты.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісі мен көтерме баға үшін жауап береді. Әр сауда нүктесіндегі бағаға Сауда департаменті жауап береді, олар бақылап отыруы керек. Әзірге көтерме баға бойынша еттің бір килограмы 1100-1300 теңге болғанын білесіздер. Ал Тәжікстан мен Өзбекстан белсенді түрде сатып ала бастаған уақытта баға тағы 1500 теңгеге дейін көтерілді. Қазір бұл көрсеткіш 1350-1300 теңгеге дейін арзандады. Бағалар осы шамада. Әрі қарай уақыт көрсетеді. Болжам жасау, алдын ала айту қиын", - деп түйіндеді сөзін Айдарбек Сапаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2219813-qazaqstanda-et-nege-qymbat-auyl-sharuashylygy-ministri-zhauap-berdi/