Зектілері

"Бастысы ауылда жарық сөнбесе болды": Қарағандыда шаңғымен жүрген энергетиктер көпшіліктің ықыласына бөленді (видео)

Жарияланған күні:

Монтерлер Нұрдәулет пен Жангелді
Монтерлер Нұрдәулет пен Жангелді. Видеодан кадр: 24.kz

Қарағанды облысының Нұра ауданында энергетиктер электр желілерін жөндеу үшін көлік жете алмаған жерге шаңғымен барып жүр. Кезекті шақыртуға кетіп бара жатқан мамандарды жолаушылардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Көпшілік олардың жұмысқа деген жауапкершілігіне сүйсінген, деп хабарлайды 24KZ.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Нұра ауданындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 2743 шақырым. Олардың қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеуін электрик мамандар бақылауда ұстайды. Жұмыс әсіресе қыста қиындайды. Себебі омбы қарда ақау шыққан жерге кейде  шаңғымен баруға тура келеді.

Нұрдәулет пен Жангелді Нұра ауданының электр желілері мекемесінде монтер болып жұмыс істейді. Боранды күндердің бірінде электр желісінен ақау шығып, төрт елді мекен жарықсыз қалған. Шұғыл жөндеу үшін жігіттер шаңғымен жолға шығады. Жолай қар құрсауында қалған көліктерге кезігіп, көмек көрсеткен. Сол кезде жолаушылардың бірі түсірген бейнежазбаны әлеуметтік желіден көрген жұрт энергетик жігіттердің жұмысқа деген жауапкершілігіне риза болған.

"Жарасбай ауылына қарай шығып бара жатқанда болған оқиға ғой. Жаңағы ақауды жөндеп шаңғымен шығып бара жатқанбыз, машиналарға көмектестік", - дейді Нұра ауданы электр желілері мекемесінің монтеры Нұрдәулет Қазкенов. 

Нұра ауданы электр желілері мекемесінің тағы бір монтеры Жангелді Ысқақовтың айтуынша, жұмыс болған соң ыстық-суыққа қарамай жол шығады.

"Бастысы ауылда жарық сөнбесе болды", - дейді ол.

Қарағанды облысы бойынша ең үлкен электр желілерінің учаскесіне жауапты мекемеде 115 адам еңбек етеді. Соңғы екі жылда жұмысшылардың жағдайына көңіл бөліне бастаған. Техника паркі жаңартылып, жалақы өскен. Соның арқасында ұжымға жастар келе бастады, дейді Нұра ауданы электр желілері мекемесінің басшысы Санжар Ерімов.

"Негізі біздің Нұра ауданының электр желілері ең үлкен. Бір шеті Шұбаркөлден басталып, басқа шеті Қорғалжында бітеді. Ауылдарда свет сөнген кезде кейбір кезде жол да болмайды. Сосын арнайы үлкен көліктер жалдап жіберген кезде кісілерімізде байланыс та болмай қалады. Сондай кездерде бізге өте қиын. Соған қарамай біздің жігіттер жол жоқ жерлерге шаңғыларын киіп алып барады", - дейді Санжар Ерімов. 

Білікті мамандардың арқасында бүгінде Нұра ауданына қарасты 25 ауылдық округ үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2220078-bastysy-auylda-zharyq-sonbese-boldy-qaragandy-oblysynda-shanggymen-zhurgen-energetikter-kopshilikting-suiispenshiligine-bolendi-video/