24 наурыздан бастап Қазақстанға заңсыз жолмен жаңадан әкелінген смартфондар бұғатталады
Жарияланған күні:

2025 жылғы 24 наурыздан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Сол күннен кейін елге әкелінген жаңа құрылғылар тексеріледі, ал Қазақстан аумағына одан бұрын енгізілген смартфондардың жұмысына шектеу қойылмайды, деп хабарлайды Цирфлық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа ережелер тек 24 наурыздан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға ғана қатысты болады. Ал ел аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген мобильді телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқығын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 3,7 млн қайталанған IMEI-коды бар құрылғы тіркелген. Олардың заңсыз әкелінуі айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады. Бұндай мобильді құрылғылар нарығы құрылғылардың заңды айналымын бақылауды қиындатып, телефон ұрлығының көбеюіне ықпал етеді.
Осы мәселелерді шешу мақсатында жаңа ережелер енгізіліп, мобильді құрылғылар нарығының ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қарастырылған.
Негізгі жаңашылдық – мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасы.
Жаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:
- Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығы
- IMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауы
- Құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені
Қандай тізімдер құрылады
Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:
- Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.
- Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауға тиіс.
- Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Бұл қолданушыларға қалай әсер етеді
- Қазақстанда бұраннан қолданыста бар телефондар ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді. Қосымша әрекет қажет емес.
- Жаңа құрылғыларды сатып алушылар 2025 жылдың 24 наурызынан кейін құрылғы сатып алмас бұрын, IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазіргі уақытта сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылуда.
- "Сұр тізімдегі" құрылғы иелері құрылғыны 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажеттілігі туралы ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.
- Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.
- Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады.
Бұл шаралар тұтынушыларға заңды әрі сапалы құрылғыларды сатып алуына сенімділік береді. Бизнеске әділ бәсекелестік үшін ашық жағдай жасалады, ал мемлекет импортты қатаң бақылап, заңсыз телефондар санын азайтып, алаяқтық деңгейін төмендетеді.
Қашан күшіне енеді
Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң – 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.
Министрлік өкілдері азаматтарға уайымдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтады. Ресми тіркелген құрылғылардың иелеріне қосымша әрекет жасап қажет емес. Министрлік жаңа ережелерді енгізу бойынша ақпараттық жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2220198-nauryzdan-bastap-qazaqstanga-zangsyz-zholmen-zhangadan-akelingen-smartfondar-bugattalady/