90 жылға жуық тарихы бар әйгілі Алматы зообағы басқа қалаға көшірілетіні рас па
Жарияланған күні:

Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында Қанат Бозымбаев Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша Жобалау кеңсесінің отырысын өткізгені және онда бірқатар мәселе талқыланғаны туралы ақпарат пайда болды. Оның ішінде сайтта Алматы зообағын жаңа қала аумағына көшіру мәселелері де қаралғаны жазылған. Алайда біраз уақыт өткен соң бұл ақпарат өшіріліп, Алматы қаласы мәдениет басқармасы зообақ басқа қалаға көшірілмейтінін мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өңірдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, вице-премьер бизнес өкілдерімен, жобалау институттарымен кездесіп, қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды тыңдаған. Сайтта жарияланған ақпаратта "қатысушылар EPC шарттары мен құрылысты салуға кететін қаржыландыру құралдарын қолдану механизмдерін енгізу жұмыстары туралы есеп берді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, Алматы зообағын Алатау аумағына көшіру, сондай-ақ әуе таксиі үшін эксперименттік орта мен алаңды белгілеу мәселелері қарастырылды", - делінген.
Бірақ артынша 90 жылға жуық тарихы бар зообақтың Алатау қаласы аумағына көшірілетіні туралы ақпарат сайттан өшірілген. Есесіне Алматы қалаасы мәдениет басқармасы хайуанаттар бағын басқа жерге көшіру жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
"Алматы хайуанаттар бағы жұмысын бұрынғы жерде жалғастырып келеді, басқа қалаға көшіру жоспарда жоқ.
Алматы қаласының аумағын дамыту жоспары аясында хайуанаттар бағын халықаралық стандарттарға сәйкес зоогеографиялық қағида бойынша жаңғырту мен реконструкциялау көзделген.
Биыл жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау жариялау жоспарланған. Реконструкциялау жұмыстары кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.
Жоспарланған реконструкциялау аясында жүргізілетін жұмыстар жануарларды ұстау жағдайын айтарлықтай жақсартып, хайуанаттар бағына келушілер үшін жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", - деп пікір білдірді ведомство.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221125-almatydagy-85-zhyldyq-tarihy-bar-aigili-zoobaq-zhanga-qalaga-koshirilui-mumkin/