Костенко шахтасындағы апатқа қатысты қылмыстық іс 106 томнан тұрады
Жарияланған күні:

Қарағанды облысының прокуратурасы Костенко шахтасында кеншілердің қаза табуына қатысты 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен жүргізген.
"Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс, шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңының жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды", - дейді облыс прокуратурасының өкілдері.
Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша ("тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу") айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды.
Материалдар негізі бойынша қарау үшін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілді.
Еске сала кетейік, 17 ақпанда бас прокурор Берік Асылов Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғанын мәлім еткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221625-kostenko-shahtasyndagy-apatqa-qatysty-qylmystyq-is-106-tomnan-turady/