2040 жылы Түркістан қаласының халқы 400 мыңға жетуі мүмкін
Жарияланған күні:

Түркістан облысы әкімдігінде Түркістан қаласының Бас жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланды. Бас жоспарда 2040 жылы қала тұрғындарының саны 400 мыңға жетуі мүмкін екені айтылған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында облыс басшысы мен қала сәулеті жөніндегі кеңеске Бас жоспардың жобасы таныстырылған.
Жобаға шаһардың 2040 жылға дейінгі даму жоспары енгізілген. Онда қаланың инфрақұрылымын жақсарту, туризм саласын дамыту, тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтауға басымдық берілген.
Сонымен бірге қаланың әрбір секторын дамыту, әлеуметтік нысандармен қамту, жылу және су жүйелерінің әлеуетін халық санына сай кезең-кезеңімен көтеру, шаһардағы автомобиль жолдарын оңтайландыру және өзге де мәселелер қамтылған. 2040 жылы Түркістан қаласы тұрғындарының саны 400 мыңға жетеді деп болжанып, қаланың Бас жоспары соған сай толықтырылған.
Өңір басшысы Бас жоспарды зерделеп, толықтыруды тапсырды. Сала басшыларымен ақылдасып, жан-жақты талқылау керектігін, ұсыныстарды жетілдіру маңызды екенін жеткізді.
"Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы әзірленді. Ол назарға алынуы тиіс. Екіншіден, Түркістан облыстың ғана емес, Түркі әлемінің орталығы екенін назарда ұстаңыздар. Бас жоспар мен қаланың дизайн-коды заман талабына сай әрі ірі аглоремация деңгейіне көтеретіндей сапалы болуы тиіс. Қайта қарап шығып, нақты ұсыныстар енгізіңіздер", - деді Нұралхан Көшеров.
Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте облыс аумағындағы аудан, қала орталықтарының дизайн-кодын әзірлеу, елді мекендердің сәулетін жақсарту, "Біркөлік" рекреациялық аймағын реттеу мәселелері де айтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221763-2040-zhyly-turkistan-qalasynyng-halqy-400-myngga-zhetui-mumkin/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.