Зектілері

Блогерлер салық төлеуден жалтарса қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма

Жарияланған күні:

Читать на русском
Кіріс пен мүлік туралы декларация
Кіріс пен мүлік туралы декларация. Көрнекі сурет: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов салық төлемегені үшін блогерлер қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бұл жерде біз Қаржы мониторингі агенттігінің ведомствоаралық экономикалық тергеу қызметінің құрамындағы құқық қорғау органы екенін түсінуіміз керек. Уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, салықты төлеуден жалтару сияқты мемлекетке келтірілген шығынның нақты көлемін белгілейтін тиісті акт немесе қорытынды ұсынса, қылмыстық істі тіркей аламыз.

Ал нақты блогерге қатысты келтірілген залал мөлшері қолданыстағы қылмыстық заңнамада көзделген нормадан асып кетсе, қылмыстық іс қозғалады", - деді Елемесов.

Оның айтуынша, егер межеден аспаса, Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Бұл ретте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин блог жүргізу де кәсіпкерлік қызмет екенін айтты.

"Жалпы ережелер бар, олар барлығына қатысты қолданылады. Егер кәсіпкер жылына 12 еселенген ең төменгі жалақыдан жоғары табыс тапса, онда ол дара кәсіпкер ретінде есепке тұруға, тіркелуге және салық төлеуге міндетті. Кәсіпкерлік кодексінде жеке тұлға жылына 12 еселенген ең төменгі жалақыдан жоғары табыс алса, сол межеден асса, сондай міндет бар (салық төлеу бойынша - ред.ескертпесі)", - деді Әмрин.

Еске сала кетейік, кеше, 18 ақпанда Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері блогерлерге кірісін төмендету бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілгенін хабарлаған еді.

Құзырлы органдағылар 594 тұлғаға қатысты 53,3 млрд теңгеге ауытқушылық анықталғанын мәлімдеген.

Кейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-дағы арнасында танымал блогерлердің тізімі жарияланды. Журналист тізімнің рас немесе жалған екенін білмейтінін жазған. Бұл тізімнен өзінің аты-жөнін көрген тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы пікірін білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221998-blogerler-salyq-toleuden-zhaltarsa-qylmystyq-zhauapkershilikke-tartyla-ma/