Қытайлық ірі компания Алматыда метро құрылысына қатысуға ниет білдірді
Жарияланған күні:

Қытайлық ірі компания өкілдері Алматыда метро құрылысына қатысуға дайын екенін білдірді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерболат Досаев пен China Railway Construction Corporation (CRCC) басқарма төрағасы Дай Хэгэн көлік инфрақұрылымын салу саласындағы ықтимал ынтымақтастықтың келешегін талқылаған.
Кездесу барысында Ерболат Досаев Алматы – 11 станциясы бар метро жұмыс істейтін Қазақстанның жалғыз қаласы екенін хабарлады. Сондай-ақ қолданыстағы желілерді кеңейту және батыс және шығыс бағыттарда метроның екі тармағын салу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
"Алматы үшін метрополитен желілерін салу жөніндегі жобаны қысқа мерзімде іске асыру маңызды мәселе. Осыған байланысты, құрылыс аясында әлеуетті серіктестер тізімін қалыптастыру кезінде біз ең алдымен қытайлық компаниялардың, оның ішінде кез келген жобаны "кілтпен" тапсыратын әрі сапалы іске асыруға сенімділік беретін CRCC корпорациясының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін зерттедік. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосады", - деді Ерболат Досаев.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, CRCC басқарма төрағасы Дай Хэгэн ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, компания Қазақстанда жалпы сомасы шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайтын бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.
"CRCC Қытайда жетекші орынға ие және әрқашан ынтымақтастыққа ашық. Бүгін бірнеше қытайлық компания Алматыда жобаны іске асыруға қатысуды жоспарлап отыр және біз тең шарттармен бәсекелесуге ниеттіміз. Мол тәжірибенің арқасында Алматыда жобаларды сәтті жүзеге асырамыз деп үміттенеміз", - деді Дай Хэгэн.
CRCC әлемдегі ең ірі техника өндіруші, ең қуатты және ауқымды халықаралық құрылыс корпорацияларының бірі. 2024 жылы CRCC корпорациясы Fortune Global-500 рейтингінде 43-орынға ие болды. Компания Қытайда теміржолдардың үштен екісін және метроның бестен үш бөлігін салған. CRCC компаниясында туннель жасайтын 700-ден астам қалқанды машина бар. Бұл жоғары технологиялық машиналар метро және басқа да жерасты құрылыстарды салу бойынша жұмыстарды тиімді және қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Алматыда метрополитен салу мәселесі талқылау сатысында тұр. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыру және одан әрі жемісті ынтымақтастық туралы келісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222108-qytailyq-iri-kompaniia-almatyda-metro-qurylysyna-qatysuga-niet-bildirdi/