"Қоғам өзгеріп келеді": сенатор көлікті мас күйде жүргізгендерге жазаны жеңілдету мүмкіндігі туралы пікірін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Сенат кулуарында депутат әрі бұрынғы ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгені үшін қолданылатын жауапкершілікті жұмсарту мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл мәселенің тарихы ұзақ. Ол кезде құзырлы органдарда жұмыс істеп жүргенім есімде. Әуелі жүргізуші куәлігін бір жылға айыру жазасы қарастырылды, кейін екі жылға деп ұзартты. Содан кейін жаза 5-7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыруға дейін барды. Оның бәрі жақсы өмір сүргеннен қабылданған шаралар емес. Заң бұзушылық тоқтаған жоқ, адамдар мас күйде рөлге отырды, басқалардың денсаулығына, өміріне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырды", - деді Марат Қожаев.
Бұл ретте депутат қоғам өзгеріп келе жатқанын айтты.
"Мұның екінші жағы бар: 7 жылға куәлігінен айырылған кей адамдар бізге өтінішпен келеді. Өйткені олар өз мамандығымен жұмыс істей алмай жүр. Мәселен, жүргізуші мамандығын игерген адам жазаға тартылса, оған қалай да отбасын асырауы, ақша табуы керек.
Осы жерде 7 жыл тым ұзақ емес пе деген сұрақ туындайды. Олар хабарласып, маған жазады, бірнеше өтініш алдым. Адамдар: "Жазаға тартылдық, 15 күнді өтедік, өз кінәмізді түсіндік"деген мәселе көтереді. Мерзімді қысқартуды сұрайды.
Бұл шаралар осындай тәртіп бұзушыларды қандай да бір жолмен ретке келтіру қажет болған қиын жағдайда қабылданды. Қатаң талаптар сол уақытта енгізілді", - деп түсіндірді Марат Қожаев.
Сенатордың сөзінше, қазір бұл мәселені мәжіліс депутаттары қарап жатыр.
"Ол (түзету енгізілген заң жобасы – автордың ескертпесі) сенаттың қарауына түссе, талқылаймыз", - деді депутат.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Николай Арсютин мәжіліс отырысында Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын сынап, оны жеңілдетуді ұсынған болатын.
Еске сала кетейік, былтыр қазақстандық көлік жүргізушілері мас күйде көлік жүргізгені үшін қолданылатын жазаны жеңілдетуді сұрап, петиция жариялаған болатын. Автордың айтуынша, бұл бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген жүргізушілер қосылған. Ішкі істер министрлігі сол кезде көлік жүргізушілеріне жеңілдік жасауға дайын ба деген сұраққа жауап берді.
Кейінірек Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысқа жауап беріп, жауапкершілікті қайта қараудың қажеттілігі жоқ деп есептейтінін, сондай-ақ оны көңілге қонымды деп санайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, көлікті мас күйде жүргізгені үшін қолданылатын жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген.
Осы баптың 1-бөлігіне сәйкес жүргізушінің көлік құралын алкогольге, есірткіге және (немесе) уытқұмарлық мас күйде жүргізуі, сол сияқты көлік құралын алкогольге, есірткіге және (немесе) уытқұмарлық мас күйдегі адамға беруі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруды көздейді.
Көлік құралын мас күйде жүргізу жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірсе, бірақ қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, кінәлі тарап 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
Қайталанған жағдайда жүргізуші 25 тәулікке қамауға алынып, 9 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222384-qogam-ozgerip-keledi-senator-kolikti-mas-kuide-zhurgizgenderge-zhazany-zhengildetu-mumkindigi-turaly-pikirin-aitty/