Сәресі мен ауызашар: бас мүфти жастарды діни терминдерді қазақ тілінде айтуға шақырды
Опубликовано:

Астанада өткен баспасөз мәслихатында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ тілінің дін саласындағы қолданыс аясы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ғасырлар бойы мұсылмандық жолды ұстанған бабаларымыз ана тіліміздегі сөздерді қолданған, деп хабарлайды Kazinform.
Бас мүфти жастарды діни терминдерді қазақ тілінде айтуға шақырды.
"Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды – ифтар, сәресін – сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталып, 30 наурызда аяқталады.
Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Сондай-ақ пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2223359-saresi-men-auyzashar-bas-mufti-zhastardy-dini-terminderdi-qazaq-tilinde-aituga-shaqyrdy/