Прокуратура Астанадан пәтер сатып алғысы келетін тұрғындарды абай болуға шақырды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Елорда прокуратурасы қалада салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді заңсыз сату жағдайлары тіркелуіне байланысты Астанадан пәтер сатып алғысы келетіндерді абай болуға шақырды, деп хабарлайды Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Прокуратура мәліметіне сәйкес, 2024 жылы 62 құрылыс компаниясы әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның 15-і заңбұзушылықты қайталап жасағандар.
"Жыл басынан бастап заңды бұзғаны үшін 6 құрылыс салушы жазаланды. Солардың бірі — Asyl-nur Qyrylys ЖШС, ол тиісті рұқсатсыз салынып жатқан тұрғын үй кешенінде пәтерлерді сату жарнамасын таратқан.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде құрылыс салушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 2024 жылғы 2 мамырда сотпен айыппұл салынды (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабының 1-бөлігі).
Соған қарамастан, компания пәтерлерді сату туралы жарнама орналастыру арқылы азаматтардың қаражатын заңсыз тартуды жалғастырған, 2024 жылғы 13 қарашада оған қайтадан әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен сот азаматтық талап қою шеңберінде осы ұйымның жарнамасын орналастыруға тыйым салды (шешім заңды күшіне енді)", - делінген прокуратура хабарламасында.
Мекеме ақпаратынша, осыған ұқсас талап тағы 5 құрылыс компаниясына қойылған.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың бар-жоғын тексеруге шақырады.
Ол үшін мына сілтеме арқылы өтіп, құрылыс компаниясын тексере аласыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223645-prokuratura-astanadan-pater-satyp-algysy-keletin-turgyndardy-abai-boluga-shaqyrdy/