Семейде оқушының соққыға жығылуы: балалар омбудсмені тың деректерді жария етті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева облыс әкімі Абай Берік Уәлимен бірге Семейде соққыға жығылған мектеп оқушысына қатысты оқиғаны талқылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Балалар омбудсмені Facebook желісіндегі парақшасында аталған жайт бойынша облыс әкімімен кездескенін жеткізді.
"Қылмыстардың алдын алудың негізі – отбасылармен жұмыс істеу және мектепте балалармен жеке жұмыс істеу.
Семей қаласында жас балаға қатысты қылмыс жасаған екі жасөспірімнің ата-аналары бұған дейін баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-аналар ретінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралған. Ата-аналардың бірі наркологиялық диспансердің есебінде тұр. Ал екінші отбасында бала мектепішілік есепке алынған.
Осындай жағдайға тап болған отбасылармен кешенді жұмыс жүргізу қажет, әсіресе бұл жұмыс қабылданған заңға сәйкес елдің барлық аудандарында ашылуы тиіс Отбасын қолдау орталықтары арқылы жүзеге асырылуы керек. Қазір Абай облысында мұндай орталық тек бір ауданда ғана бар, болашақта тағы 10 аудан мен екі қалада, соның ішінде Семей қаласында да ашылуы қажет", - деп жазады Зәкиева.
Омбудсменнің айтуынша, әкіммен Отбасын қолдау орталықтарын ашу, сондай-ақ заңға сәйкес қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру және қыркүйек айынан бастап мектептерде енгізілген бірыңғай тәрбие беру бағдарламасының іске асырылу сапасы мәселелерін талқылаған. Әкім бұл мәселелерге ерекше назар аударатынын атап өткен.
"Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл осы уақыт бойы зардап шеккен бала мен оның жанұясының жанында болды. Қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. Баланың отбасына көмек көрсеткісі келген барлық жанашыр азаматқа алғысымызды білдіреміз", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223666-semeide-oqushynyng-soqqyga-zhygyluy-balalar-ombudsmeni-tyng-derekterdi-zhariia-etti/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде