Маңғыстаудағы мұнай мен емдік-минералды су кен орындарын ашқан ғалым өмірден өтті
Жарияланған күні:

Маңғыстау облысындағы мұнай мен емдік-минералды су кен орындарын ашқан ғалым Олег Сергеевич Герштанский өмірден өтті. Оның қазасына байланысты Энергетика министрлігінің басшылығы мен ұжымы көңіл айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің басшылығы мен ұжымы Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының көрнекті қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Маңғыстау облысындағы мұнай және емдік-минералды су кен орындарын алғаш ашқан Олег Сергеевич Герштанскийдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Олег Герштанскийдің бүкіл ғұмыры – Республикаға, өз ісіне адалдық пен сеніміне деген мызғымас беріктіктің жарқын үлгісі.
Олег Сергеевич жарқын ғұмыр кешті, әрдайым белсенді азаматтық ұстанымда болды, оны терең адамгершілік қасиеттері, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы ерекшелендірді.
Олег Сергеевичтің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады, ал оның еңбектері болашақ ұрпақтың жадында қалады. Оның отбасы мен жақындарына осындай ауыр қайғыға байланысты көңіл айтамыз", - делінген көңіл айту жеделхатында.
Олег Герштанский 1978 жылдан бастап өмірінің соңына дейін мұнай-газ саласындағы түрлі лауазымдармен басшылық қызметтерде еңбек еткен. Ол мұнайшы-геологтардың қазақстандық қоғамының мүшесі, министрліктің жанындағы көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі болған, KAZENERGY қауымдастығының ғылыми-техникалық кеңесіне кірген, 100-ден астам ғылыми мақаланың, 82 өнер табыстың және 5 монографияның авторы.
Еңбек жолындағы ерекше жетістіктері үшін "Құрмет", "Парасат" ордендерімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен және басқа да медальдармен, марапат белгілерімен марапатталған. Сондай-ақ ол – "Қазақстанның еңбек сіңірген геологы", "Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткері".
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2224989-manggystaudagy-munai-men-emdik-mineraldy-su-ken-oryndaryn-ashqan-galym-omirden-otti/