Зектілері

Атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің жары, актриса Дариға Тілендиева өмірден өтті

Жарияланған күні:

Нұрғиса Тілендиев жары Дариға Тілендиевамен
Нұрғиса Тілендиев жары Дариға Тілендиевамен. Мұрағаттағы фото: instagram.com/dinaratlendiyeva

Атақты күйші, композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің өкілдері жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты актриса, күйші, сазгер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары – Дариға Тілендиеваның өмірден озуына байланысты қайғыра көңіл айтады.

Дариға Тілендиева ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті өнер иесі. Ол – Халық қаһарманы, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары ғана емес, сазгердің шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға.

Дариға Тілендиева "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген "Алты жасар Алпамыс", "Құлагер", "Ақ машина", "Жамбылдың жастық шағы", "Қоштасқым келмейді" сынды көркем фильмдері арқылы, ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырды.

Дариға Тілендиеваның өнері мен рухани мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Жақындарына сабыр, марқұмның рухына мәңгілік тыныштық тілейміз", - делінген Insatagram желісінде жарияланған көңіл айту жеделхатында.

Дариға Тілендиева 1946 жылы 4 тамызда Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Ақтекше ауылында туған. "Қазақфильм" киностудиясының 2 жылдық курсын, кейін Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген.

"Қазақфильм" киностудиясының актрисасы болған, сондай-ақ "Отырар сазы" оркестрінде қызмет істеген. Нұрғиса Тілендиев атындағы атындағы Халықаралық қоғамдық қорды басқарған.

"1968 жылы мен "Кинофильм" студиясына қызметке орналастым. Сол жерде киноларға түсіп жүрдім, алғаш Нұрағаңмен осы ұжымда таныстым. Нұрағаңмен қосылғаннан кейін Абдолла Қарсақбаевтың "Алты жасар Алпамысы", Ілияс Жансүгіровтің "Құлагер" поэмасының желісімен түсірілген "Құлагер" фильмі, режиссері Болат Мансұров, содан кейін "Ақ машина", "Қоштасқым келмейді", "Жамбылдың жастық шағы", "Тризна", "Алпамыс мектепке барады", "Жау, тоғызыншы ұлдан қорық", "Қоштасқым келмейді", "Жамбылдың жастық шағы" және тағы басқа киноларға түстім, бәрі Нұрағаңның арқасы", - деген еді Дариға Тілендиева Kazinform агенттігіне берген сұқбатында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2227100-nurgisa-tilendievting-zhary-aktrisa-dariga-tilendieva-omirden-otti/