Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін қабырғасында жарық пайда болған ғимараттардың саны артты (видео)
Жарияланған күні:

Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін қабырғасында жарық пайда болған ғимараттардың саны артты. Бүлінген нысандарды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аралап көрген, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі "Балдәурен" балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің асханасында қабырға жарықтары анықталған.
Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болған.
"Арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келтірілген шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері кіреді.
Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33 бірлік техника, Т.Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, "КАЖсервис" ЖШС облыстық филиалының қызметкерлері (25 адам, 19 техника) Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының (5 жолайрық, 2 теміржол өткелі және 3 көпір) жай-күйін тексерген. 45 елді мекен зерттелген.
Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылған.
"Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ. Жедел штаб жағдайды бақылауды жалғастыруда. Жедел ден қою жасақтары дайындыққа келтірілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Полиция мен ТЖД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдып жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Т. Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасының, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарық пайда болғаны хабарланған еді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 наурызда 03:42-де Жамбыл облысында жер сілкінді. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 323 км жерде орналасқан.
Жер сілкінісі Тараз, Шу қаласы мен бірақтар ауданда сезілген. Әсіресе Меркі (күші 5 балл), Құлан аудандарында (4 балл) қатты сезілген.
Кейін тұрғындар түнде болған жер сілкінісінің видеоларын бөлісті.
Қазақстан Төтенше жағдай министрлігі командалық орталығының базасында сейсмикалық жағдайды бақылау бойынша жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2231334-zhambyl-oblysynda-zher-silkinisinen-keiin-qabyrgasynda-zharyq-paida-bolgan-gimarattardyng-sany-artty-video/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде