Үкіметтік жұмыс тобы жер сілкінісі болған Жамбыл облысына аттанды
Жарияланған күні:

Үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін Жамбыл облысына жіберілді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды үкіметтің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында орын алған жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге жіберілді", - делінген хабарламада.
Айта кету керек, жұмыс тобы құрамына өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ филиалының басшылығы, үкімет аппаратының өкілдері енген.
Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырған.
Айта кетейік, сейсмикалық станциялар желісі бүгін Астана уақытымен 16 сағат 00 минутта тағы жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпулері Жамбыл облысында сезілген. ТЖМ бастапқыда жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында орналасқанын мәлім етті. Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысында жаңадан болған жер сілкінісі 5 баллға тең болғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Жамбыл облысында болған жер сілкінісі 28 наурызда 03:42-де тіркелген еді.
Жер сілкінісі Тараз, Шу қаласы мен бірақтар ауданда сезілген. Әсіресе Меркі (күші 5 балл), Құлан аудандарында (4 балл) қатты сезілген.
Кейін тұрғындар түнде болған жер сілкінісінің видеоларын бөлісті.
Қазақстан Төтенше жағдай министрлігі командалық орталығының базасында сейсмикалық жағдайды бақылау бойынша жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.
Сондай-ақ жер сілкінісінен кейін өңірде қабырғасында жарық пайда болған ғимараттардың саны артқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2231391-ukimettik-zhumys-toby-zher-silkinisi-bolgan-zhambyl-oblysyna-attandy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде