Жамбыл облысындағы жер сілкінісі: ТЖД қанша ғимарат бүлінгенін жария етті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жамбыл облысының екі ауданында жер сілкінісі салдарынан 23 нысан бүлінді – әлеуметтік нысандардың 11 ғимараты мен 12 жеке тұрғын үйде жарықтар пайда болған, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Департамент мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 28 наурызда Жамбыл облысының аумағында екі рет жер сілкінді. ТЖМ командалық орталығында және облыстың ТЖД базасында жедел штаб құрылды, қауырт желі телефоны жұмыс істеп тұр.
Комиссия Меркі ауданында және Т. Рыскұлов аудандарында әлеуметтік нысандардың 11 ғимараты мен 12 жеке тұрғын үйде жарықтар пайда болғанын анықтады. Арнайы комиссия одан әрі жұмысын жалғастырып жатыр. Жазатайым оқиғалар мен зардап шеккендер жоқ.
Департамент ақпаратына сенсек, Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері ықтимал салдарды жоюға толық дайын отыр.
Сонымен қатар кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таралып жатқаны байқаған құзырлы мекеме тұрғындарды жалған мәліметтерді таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенім артуға шақырды.
Департамент жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Айта кетейік, сейсмикалық станциялар желісі бүгін Астана уақытымен 16 сағат 00 минутта тағы жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпулері Жамбыл облысында сезілген. ТЖМ бастапқыда жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында орналасқанын мәлім етті.
Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысында жаңадан болған жер сілкінісі 5 баллға тең болғанын мәлімдеді. Одан бөлек премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен үкіметтік жұмыс тобы жер сілкінісі болған Жамбыл облысына аттанды.
Бұған дейін Жамбыл облысында болған жер сілкінісі 28 наурызда 03:42-де тіркелген еді. Жер сілкінісі Тараз, Шу қаласы мен бірақтар ауданда сезілген. Әсіресе Меркі (күші 5 балл), Құлан аудандарында (4 балл) қатты сезілген.
Кейін тұрғындар түнде болған жер сілкінісінің видеоларын бөлісті.
Қазақстан Төтенше жағдай министрлігі командалық орталығының базасында сейсмикалық жағдайды бақылау бойынша жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2231433-zhambyl-oblysyndagy-zher-silkinisi-tzhd-qansha-gimarat-bulingenin-zhariia-etti/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде