"Кадрлар шетелге кетіп жатыр": АҚШ-та білім алып жатқан маман елдегі ЖИ-дің дамуы туралы айтты
Жарияланған күні:

Соңғы екі жылда өмірдің барлық дерлік салаларына мықтап енген жасанды интеллект адамзаттың алып трансформацияны бастан кешуіне себеп болып отыр. Қазір әлемде ЖИ құралдарын қолданбайтындар кемде-кем. Бұл ретте елде ЖИ-ді қалай дамыту керек және бұл саланы дамытуда қандай проблемалар бар деген сауал төңірегінде электронды және қашықтан оқыту саласының техникалық маманы, Колорадо (АҚШ, Боулдер) университетінде (University of Colorado Boulder) компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша магистрант Айбол Кемельдинов жауап берді.
- Айбол, жасанды интеллектіні дамытуда нені ескеру қажет және мемлекеттік деңгейде қандай секторға назар аудару қажет?
ЖИ-ді дамытамыз десек, ең бірінші, әлбетте, IT секторына баса назар аудару қажет. Компьютерлік ғылымдар маманы ретінде бұл тұста мәселеге тереңірек үңілетін, ауқымдырақ қарастыратын тұстар көп екенін айтқым келеді. Мәселен, көлемді деректермен жұмыс істеу кезінде жеткілікті есептеу қуаты технологияларды дамытудың басты факторы. ЖИ модельдері графикалық процессорлардан (GPU), тензорлық процессорлардан (TPU) және басқа да арнайы жылдамдатылған есептеуіш чиптерден үлкен ресурстарды талап етеді, бұл олардың жоғары өнімділікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Деректерді өңдеу орталықтары үлкен көлемдегі ақпаратты сақтай отырып, нейрондық желілерді оқыту және оңтайландырудың негізгі инфрақұрылымдық элементтері ретінде қызмет атқарады. Нейрондық желілерді тиімді оқыту, әсіресе табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру немесе биоинформатика бағыттарында, мыңдаған петабайтқа жететін деректерді қажет етеді. Дамыған мемлекеттер, мысалы, АҚШ және Қытай, гипермасштабты деректер орталықтарын құрып, оларды бұлтты қызметтермен және үлестірілген есептеулермен біріктіріп отыр. Мұндай ресурстар бизнесте, ғылымда және тіпті мемлекеттік құрылымдарда жасанды интеллектінің жоғары технологияларын кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
- Ал бұл тұста Қазақстанның әлеуеті қандай?
Қазақстанның цифрлық трансформацияны дамытуға деген амбициялық жоспарларына қарамастан, бұл салада елде кемшін тұстар бар. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жоғары өнімді есептеу қуатына ие деректерді өңдеу орталықтары жоқтың қасы. Негізінде, түптеп келгенде бұл қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселе тудырады, шығындарды арттырады және жергілікті зерттеушілер мен әзірлеушілер үшін мүмкіндіктерді шектейді.
Бізге бірінші елге кезекте осындай орталықтар көптеп керек. Ол үшін сөзсіз тиісті мамандардың саны көп болуы қажет. Ондай мықты мамандар елімізде жеткілікті деңгейде деп айта алмаймыз.
- Елімізде ақпараттық технологиялар саласына бағытталған арнайы ЖОО бар. Әр университетте дерлік IT факультеттері бар. Оларға жыл сайын 10 мыңнан кем емес мемлекеттік оқу грантары бөлінеді. Заңды сұрақ туындайды? ЖИ бойынша білікті мамандар аз ба?
Айтып кеткенімдей, ІТ және ЖИ салаларында білікті мамандардың болуы деректерді өңдеу орталықтарын құруда маңызды рөл атқарады. Егер машиналық оқыту, DevOps, жоғары өнімді есептеулер мен бұлттық жүйелерді басқаруды жақсы түсінетін мамандар болмаса, ең ірі инфрақұрылымдардың өзі пайдасыз болып қалады. Бұл ретте, менің зерттеуімше, Қазақстанда мынадай проблемалар бар:
· ЖИ саласында базалық білімнің жеткіліксіздігі. Университеттік бағдарламалар дәстүрлі бағыттарға сүйенеді, ал тереңдетілген оқыту, үлкен деректер және бұлттық технологиялар бойынша білім берудің деңгейі анау айтқандай емес.
· Кадрлардың шетелге кетуі. Жоғары деңгейлі, үздік мамандар шетелдік компанияларға кетіп жатыр, өйткені оларға онда жақсы жалақы, қолайлы зерттеу ортасын, дамыған әлеуметтік-экономикалық институт ұсынады. Мұның барлығы әсер етпей қоймайды.
· Технологиялық стартаптардың аздығы. Қазақстанда жасанды интеллект саласында бәсекеге қабілетті жұмыс орындарының болмауы салдарынан олар күнкөріс үшін шетелден нәпақа іздеуге мәжбүр. Сәйкесінше, еліміздің емес, шет елдердің ЖИ саласын дамытуға үлес қосып жатыр. Біз үшін ол мәртебе емес, керісінше, біздің ел оларға қолайлы орта жасап, үлкен ірі орталықтар құрып, тиісті жалақысы бар жұмыс орындарын ұсынса, айтарлықтай ілгерілеу болар еді.
- ЖИ-ді дамыту үшін шетелден мамандар шақырту тәжірибесі де қазір талқыланып жатыр. Оған қалай қарайсыз?
Шетелдік мамандарды жалдау немесе оларды елге шақыру – уақытша шешім. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық артықшылықтар бермейді. Негізгі өзгеріс – білім беруде. Жергілікті мамандарды дамыту және оқыту тиімдірек. Егер біз осы мәселені дұрыс шеше алсақ, дұрыс жолға қойып алсақ, ЖИ саласын дамыту ден қойған болар едік. Тұрақты экожүйе құру арқылы жергілікті мамандар елдің ерекшеліктерін жақсы түсініп, нарық қажеттіліктеріне сай жылдам бейімделе алады. Жергілікті ІТ-компанияларды дамытуға назар аударылса, Қазақстанда жоғары білікті кадрлар көбейіп, жергілікті технологиялық компаниялар дами түсетіні анық. Бұл технологиялық импортқа тәуелділікті азайтады.
Шетелдік мамандарды тарту үлкен шығындарды қажет етеді, ал Қазақстанда дайындалған жергілікті мамандар өз дағдыларын ел экономикасын жақсартуға бағыттайды. Сондай-ақ жергілікті ІТ-мамандар санының көбеюі Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін күшейтуге және халықаралық нарықтағы позициясын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту үшін кешенді көзқарас қажет. Деректерді өңдеу орталықтарын салып, дамытумен қатар, мамандарды даярлауға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға және технологиялық стартаптар үшін жағдай жасауға инвестиция қажет. Есептеу қуатын арттыру маңызды болғанымен, адами капиталға да қаражат құю керек. Осылайша, бұл саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады. Қазақстан әлемдік көшбасшылармен теңесуге барлық мүмкіндіктерге ие, алайда ол үшін білім беру мен жергілікті мамандарды оқытуға басты назар аудару қажет.
Экономикада көшбасшы болу мүмкіндігін арттыру үшін стартаптар, кәсіпкерлік жобалар, жаңа, тың идеялар мен шешімдерді ұсынып, инновациялық шешімдерді енгізіп, білім беру жүйесін жетілдіру керек. Мемлекет басшысы да жасанды интеллект технологияларын дамытуға ден қоюді міндет етіп жүктеп жатыр ғой. Сол себепті біз осы бағыттарды назарда ұстасақ, ұтылмас едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2232983-kadrlar-shetelge-ketip-zhatyr-aqsh-ta-bilim-alyp-zhatqan-maman-eldegi-zhi-ding-damuy-turaly-aitty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде