Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлды деген Шымкент тұрғыны ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін желіде Қызыл кітаптағы қызғалдақ гүлін теріп жүрген әйел түсірілген видео жарияланды. Әйел табылып, ұсталды, деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі егістікте Қызыл кітапқа енген қызғалдақ терген Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Қылмыстық кодекстің 339 бабы 1-бөлігі "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Мән-жайды анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады.
Тәртіп сақшылары заңда жойылып кету қаупі төнген өсімдіктерді жұлғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрін, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде оның айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жойғандардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 АЕК-ке дейінгі (11 млн 769 мың теңге) мөлшерде айыппұл салынуы не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233806-qyzyl-kitapqa-engen-qyzgaldaq-gulin-zhuldy-degen-shymkent-turgyny-ustaldy/