Зектілері

Бишімбаевтың адвокаты сотталған экс-шенеунік пен оның бұрынғы әйелі арасындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Қуандық Бишімбаев сотта
Қуандық Бишімбаев сотта. Фото: t.me/Jogargy_sot

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сотталған экс-шенеуніктің бұрынғы әйелі Назым Қаһарман мен Бишімбаевтар отбасы арасындағы алимент дауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мәлімдемені адвокат Ерлан Ғазымжанов Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

"Жақында Назым Қаһарман БАҚ арқылы Қуандық Бишімбаевтың отбасы алимент төлеуден мүлде бас тартты деген мәнде ақпарат таратқан болатын.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп жазды адвокат.

Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев алимент төлеуден бас тартпайды, өйткені ол "әр ата-ананың қасиетті борышы".

"Ол тек тиісті табыс көзі болмауына байланысты алимент төлеу туралы келісімді бұзуға немесе өзгертуге ниетті. Заңда қаржылық жағдай өзгерген жағдайда бұған рұқсат етіледі.

Оның ата-анасына келер болсақ, біраз уақыт бойы олар өз еркімен расында да баласы үшін келісімде көзделген мөлшерде алимент төлеп келді.

Алайда Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевтың қарт ата-анасына бірнеше рет дөрекі түрде тіл тигізгені, балаларымен араласуына кедергі келтіргені, Бишімбаевтар отбасына қарсы қойғаны және психологиялық тренинг деген желеумен әлеуметтік желіде мезгіл-мезгіл қорқыту әрекеттерін ұйымдастырғаны үшін ата-анасы уақытша басқа көлемде көмек көрсету туралы шешім қабылдады, олардың ойынша, бұл балаларды асырау үшін жеткілікті.

Ата-анасының бұл ұстанымы алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзуға қатысты дау шешілгенге дейін күшінде болады", — деп жазды Ерлан Ғазымжанов.

Видеода ол Назым Қаһарманға алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы ресми ұсыныс жіберілгенін де айтты.

"10 сәуірге дейін ақпарат түседі деп ойлаймын. Егер Назым ұсынысымызды қабылдамаса, Қуандық Бишімбаев бұл алимент дауын сот арқылы шешуге мәжбүр болады", - деді адвокат.

Еске салайық, былтыр күзде Назым Қаһарман Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа шағым түсіргені хабарланған болатын. Алайда бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар Назым Қаһарманның өзі жағдайға қатысты пікір білдіріп, Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру үшін негіз ретінде екі нәрсе бар деп айтты: отбасы мүшесін өлтіру және балаларға психикалық зәбір көрсету.

Апелляциялық сот алқасы сот шешімін күшінде қалдырды. Отырыс кезінде Бишімбаев балаларының тегін өзгертуге және олардың шетелге кетуіне келіскені атап өтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233950-bishimbaevtyng-advokaty-sottalgan-eks-sheneunik-pen-onyng-buryngy-aieli-arasyndagy-dauga-qatysty-malimdeme-zhasady/