Қазақстан мектептерінде жаңа пән енгізу ұсынылды
Жарияланған күні:

Еліміздің бас прокуроры Берік Асылов жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу үшін мектептерде жаңа пән енгізуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Берік Асыловтың айтуынша, бүгінде өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер төбелес пен одан да ауыр қылмыстарға барып жүр.
"Көпшілігі заңды бұзып жатқанын білмеген. Олар бұл үшін жауапкершіліктің бар екенін түсінбеген. Нағыз қауіп – құқықтық сауатсыздық. Сондықтан біз уәкілетті органға маңызды ұсыныс жасадық – 7-сыныптан бастап мектептерде "Заң және Тәртіп" атты міндетті пән енгізу.
Бұл пәнді қызметтегі заңгерлер мен құқық қорғау органдарының ардагерлері жүргізсе, олар тек біліммен емес, өмірлік тәжірибемен де бөлісе алады", - деп жазды еліміздің бас прокуроры X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Берік Асылов мұндай сабақтардың саналы, жауапты, заң мен тәртіпке құрметпен қарайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге көмектесетініне сенімді.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жасөспірімдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын төмендету туралы ұсыныс айтқан еді.
Сондай-ақ оның сөзінше, жасөспірімдердің қылмыс жасауының алдын алу тәсілдерін де қайта қарау қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234388-elimizdegi-mektepterde-zhanga-pan-engizu-usynyldy/