Балғынбек Имашевтың ұлы басқаратын компаниядан қажылыққа жолдама сатып алғандар полицияға шағымданды
Жарияланған күні:

Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашевтің үстінен алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды. Бұған қажылыққа ұша алмаған туристердің шағымы себеп болған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна тілшілерінің мәліметіне сүйенсек, 50-ден аса адам Мекке мен Мәдинаға ұша алмағанын айтып полицияға шағымданған. Олардың айтуынша, рейске бір күн қалғанда не билет, не қонақ үй алынбағаны белгілі болған. Ал Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев жолдама сатқан компанияның атқарушы директоры көрінеді.
"Тоғызы күні ұшатын рейсімізде еш адам ұшқан жоқ. Не халыққа шығып үндеу айтқан жоқ. Билеттің бағасы өсіп кетті-ау, осындай болып қалды-ау деген үндеу болған жоқ. Бізге ешқандай дәлел жібермеді. Билет төленді деп те көрсеткен жоқ. Отельге ақша төленді дегенді де көрсеткен жоқ", - дейді Медина Жарлықапова.
Телеарнаның хабарлауынша, туристердің әрқайсысы жолдамаға шамамен 500 мың теңгеден төлеген.
"Компанияның директоры Имашев Данияр деген жігіт екен. Үш күннің ішінде ақшаны қайтарып береміз деген уәде беріп жатыр. Ол уәдесіне сенбей тұрмыз", - дейді телеарнаға пікірін білдірген туристердің бірі Жаннұр Жөкетай.
Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, осы мәселеге қатысты полиция алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғаған. Үш күдікті тергеуге алынды. Олардың қатарында Данияр Имашев та бар. Ол телеарнаға қандай да бір пікір білдірмеген.
Туындаған қиындықтың себебін оның әкесі түсіндіріп берген. Балғынбек Имашев әуе билеттерінің де, қонақүй бағасының да қымбаттап кеткенін айтады әрі мұнда ешқандай алаяқтық жоқ деп сендірген.
"Көп адам акциямен алған. Арзан бағада алды. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билет алынып жатыр. Ұшақ бағасы, қонақ үй қымбат болып жатыр. Сол себепті құрылтайшылар өз қалтасынан қосып, қаржы салып, қызметте болуға талпынып жатыр", - дейді айтыскер ақын Балғынбек Имашев.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2234574-balgynbek-imashevtyng-uly-basqaratyn-kompaniiadan-qazhylyqqa-zholdama-satyp-algandar-politsiiaga-shagymdandy/