Зектілері

Ұлттық банк төрағасы ақша айырбастау орындарындағы валюта бағамы тақтасы неліктен алып тасталатынын айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
валюта бағамы тақтасы
Валюта бағамы тақтасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ұлттық банкте өткен брифингте Тимур Сүлейменов Қазақстанда айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы көрсетілетін тақталар не үшін алып тасталатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы көрсетілген тақталар – 90-шы жылдардың анахронизмі. Экономика мен қоғам дамыған уақытта біз үшін ескірген дүниелер бар, ал кей нәрселер сол күйі қалды. 90-шы жылдары қаржы жүйесі, депозитке ақша жинауға мүмкіндігі болмаған кезде қаражатты сақтау үшін жалақы алып, оған доллар сатып алу үшін ол (тақталар – автордың ескертпесі) халыққа маңызды болды.

Доллар расында да қолданыста болды және долларизация жоғары деңгейде еді, өйткені ұлттық валютаның күрт әлсіреуі әсерін берді және жоғары инфляция кезеңі болды. Қазір ондай нәрсе жоқ. Бұрын халықтың 70 пайызында доллар депозиті болса, қазір ол 22 пайызға тең. Сондықтан бұл 90-шы жылдардан қалған анахронизм: енді ондай тақталарды орталық көшелерде ұстаудың қажеті жоқ", - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, мұндай тақталарды азық-түлік дүкендерінде немесе қызмет көрсететін кез келген мекемеде орнатуға болар еді. Бірақ қазір мұндай тақталар тек ақша айырбастау орындарында ғана бар.

"Біз дамудың жаңа деңгейінде тұрмыз және бұл шешімді дұрыс деп есептейміз. Олай болса, барлық дүкен көшеге "нан - 150 теңге, картоп - 300 теңге" деген тақтайшасын іліп қойсын. Немесе шаштараз, нотариус. Бұлай ешкім істемейді - мұндай анахронизм тек ақша айырбастау орындарында ғана қалады", - деді Ұлттық банк басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235017-ulttyq-bank-toragasy-aqsha-aiyrbastau-oryndaryndagy-valiuta-bagamy-taqtasy-nelikten-alyp-tastalatynyn-aitty/