"Аз қамтылған отбасының курстарға төлейтін ақшасы бар ма": Аймағамбетов бай мен кедей білімі арасындағы алшақтық туралы айтты
Жарияланған күні:

Экс-министр, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов журналист Әйкерім Есенәліге сұқбат беріп, қоғамдағы көптеген мәселелерге тоқталды. Әңгіме барысында бай мен кедей отбасында өскен балалардың білімі де сөз болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сұқбат кезінде журналист экс-министрге баласын ақылы мектептерге беруге мүмкіндігі бар ата-аналар мен оған жағдайы келмейтіндер туралы сұрақ қойды. Ол ақылы мектеп пен мемлекеттік мектептердегі білім сапасындағы айырмашылық тиісінше бай мен кедей арасындағы алшақтықты ұзарта түспей ме де мәселе төңірегінде алаңдаушылық білдірді.
"Қымбат мектепте мұғалім тұрақты жұмыс істейді, бұл белгілі бір әлеуметтік топ өзіне рұқсат ете алатын жер. Ондай ақылы мектептерде 10-11 сынып оқушылары IELTS-тан жоғары балл ала алады, тиісінше, шетелде білім ала алады. Яғни шетелдік білім беру орталықтарында білім ала алы, елге қымбат маман болып келе алады. 10-15 жылдан кейін бай мен кедейдің арасындағы алшақтық тым ұзақ болып кетпей ме? Бізде әлеуметтік әлсіз топарға көмек көп. Бірақ біз оларға қармақ емес, "балық" беріп жатқан сияқтымыз. Керісінше, интеллектуалдық деңгейі жоғары адамдар байып жатыр, өсіп жатыр. Сізді қарапайым халық көп тыңдайды. Осы сәтте фокусты қайда бағыттау керек деген мәселе бойынша халыққа айтар кеңесіңіз бар ма?", - деп сауал жолдады журналист.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, меритократия жақсы, бірақ бұған біржақты қарамау керек.
"Егер қоғам дамысын десек, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшы мамандықтар құрметтелуі керек. Бірақ бай азаматтар да құрметтелуі керек. Өйткені бизнесмендер салық төлеп отыр. Бізде бай болу, белсенді болу, білімді болу, профессор болу ұят саналмау керек. Барлық адам соған тырысу керек. Бұл жерде ешқандай сигматизация болуы керек деп санаймын. Бәрі адамның өзіне байланысты.
Сіз айтқан мәселе де бар. Дарынды балаларға арналған мектептер бар. Есімде, сол мектептер бойынша министрлік бұйрығына өзгеріс енгіздім. Соның ішінде жаңағы БИЛ-дар, "Дарын" мектептері бар. Олардың саны елімізде 140-қа жуық. Сонда мен оларға айттым: "сіздер міндетті түрде аз қамтылған отбасылардың балаларына дискриминация болмауы үшін позитивті дискриманция керек. Олардың баллдары аз болып тұрса, квота бөлінуі керек" дедім. Сол кезде бір топ мектеп директоры қабылдауыма сұранды.
Ол кісілер "30 жылдан бері қалыптасқан мектептерімізге балаларды әлеуметтік сапқа жатуына байланысты қабылдасақ, онда бұл біздің деңгейімізді төмендетеді, сонда біздің басқа мектептерден айырмашылығымыз қандай?" деді. "Онда біз не үшін дарынды балаларға арналған мектеп деп аталамыз" деді. Мен ол кісілермен келіспей, аталған бұйрыққа қол қойдым. Бірақ нәтижесін көрдім. Сол квотамен түскен балалардың деңгейін бақылағанда, олар тіпті мықты деңгей көрсетті. Басқа балаларға ілеспек түгілі, олардан асып кеткендері болды.
Мен мысалы бір мәселені соңына жеткізе алмадым, осыны көріп алғаннан кейін НЗШ мектептеріне осындай квота керек дедім. Бір жағынан қарасаңыздар, меритократия жақсы. Бірақ осындай аз қамтылған, ауылдағы, жағдайы жоқ балаларға квота беруіміз, бір мүмкіндік беруіміз маңызды. Ауылдағы балада қаладағыдай жылдамдығы жоғары интернет жоқ, театрлар жоқ, таза суға қолжетімділік, мұғалімдерге, кітапханаларға қолжетімділік жоқ. Яғни олардың да білім сапасы басқаша болады.
Мықты мектептерге балаларын беретіндер де тек қана мектептің бағдарламасымен жүргізіп қоймайды. Себебі ондай мектептерге беретіндер балаларын қосымша курстарға береді. Ал аз қамтылған отбасыларда сол курстарға төлейтін ақшасы бар ма? Сондықтан біздегі жағдайды меритократия деп бұл жерде біз толығымен айта алмаймыз", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235357-az-qamtylgan-otbasynda-kurstarga-toleitin-aqshasy-bar-ma-aimagambetov-bai-men-kedei-bilimi-arasyndagy-alshaqtyq-turaly-aitty/