Зектілері

Ұлытау облысында балаға қатыгездік танытқан тәрбиеші жазаланды

Жарияланған күні:

Балабақша
Балабақша. Көрнекі фото: Pixabay.com

Ұлытау облысында балабақша тәрбиешісі жазаланды. Ол балаға қатыгездік танытты деп айыпталып, сот шешімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттың Telegram-дағы арнасының хабарлауынша, қылмыстық іс Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды.

Сотта анықталғандай, Ш. 2023 жылдың 18 қазанында балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа тұрған.

Кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыру мiндеті жүктелген тәрбиелеу мекемесінің жұмыскері бола тұра, міндетін қасақана тиісінше орындамағаны, бұл әрекеті кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқаны анықталған.

Ш. өзінің жұмыс орнында қызметтік міндетін орындау барысында балалармен альбом парақтарына акварель бояулармен сурет салу сабағын жүргізген. Осы кезде ол кәмелетке толмаған – 2022 жылдың 12 тамызында туған М.-ның сурет салатын бояуды аузына салғанын көрген. Одан соң Ш. кәмелетке толмаған М.-ға ескерту жасап, сол қолымен оның ерін тұсынан соққан. Әрі қарай баланың басынан тағы соққы жасап, оны отырған орнынан тұрғызған. Кейін баланы желке тұсынан ұстап, жуынатын бөлмеге апармақ болып, оны қатты итеріп қалғанда бала жерге құлаған. Содан соң ол баланы қолынан ұстап көтеріп алып, жуынатын бөлмеге апарған.

Сотталушы Ш. айып бойынша кінәсін мойындамай, баланы құлаған соң тек орнынан көтергенде ғана қатыгездік танытқанын, баланы ұрмағанын айтқан.

"️Кінәсін мойындамауына қарамастан, Ш.-ның тағылған айып бойынша кінәсі зерттелген дәлелдемелермен, оның ішінде бейнебақылау камераларының видеожазбаларымен расталды.

Сот үкімімен Ш. Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға 3 жылға тыйым салумен қоса, 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына келтірілген моральдық зиян үшін 200 000 теңге өндірілді", - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235596-ulytau-oblysynda-balaga-qatygezdik-tanytqan-tarbieshi-zhazalandy/