Басты сот талқылауында Шерзат Болаттың өлімі неден болғаны айтылды
Жарияланған күні:

Бүгін, 17 сәуірде Талдықорғанда басты сот талқылауы өтіп жатыр. Онда марқұм Шерзат Болаттың өлімінің себебі айтылды. Мемлекеттік айыптаушы сот-медицина сараптамасының қорытындысын оқыды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сот-медицина сараптамасының қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне келтірген зақым мен сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншылып-кесілген жарақаты нәтижесінде дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Оның өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30-да Талғар аудандық орталық ауруханасында стационарда расталған.
Мәйітті зерттеу кезінде келесі дене жарақаттары анықталған:
"Ішкі және сыртқы қан кетуді тудырған сол жақ өкпенің зақымдануымен гемоторакс – плевро қуысында 1500 мг көлемінде қанның болуы, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып-кесілген, өмірге қауіп төндіретін және жәбірленушінің өлімімен тікелей себепті болатын денсаулыққа ауыр зиян келтірген. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған", - деп оқыды сараптама қорытындысын мемлекеттік айыптаушы.
Сондай-ақ прокурор сот-медицина сараптамасына сәйкес сыртқы дене жарақаттары туралы қорытындыны оқып берді.
"Сол жақ желке аймағында – бастың шашты бөлігінде терісінің көгеруі, төменгі қабаққа және оң жақ зигоматикалық аймаққа ауысатын оң көздің ішкі бұрышында, оң қолдың артқы бетінде, үшінші саусақтың негізгі фалангасы деңгейінде, оң қолдың екінші және үшінші саусақтарының арасы негізінде, оң көздің төменгі қабағында, оң жақта зигоматикалық аймақта, сол жақта мұрын, ерін аймағында, оң білектің төменгі үштен бір бөлігінің алдыңғы бетінде, оң қолдың бесінші саусақтың фалангасының сол жақ қолының артқы бетінде, оң жіліншіктің жоғарғы үштен бірінің сыртқы бетіндегі сызаттар.
Олар ауруханаға түскенге дейін тұйық, қатты заттың күшінен, әсерінен болған және Жәбірленушілерге және күдіктілерге, басқа тұлғаларға денсаулығына келтірілген зиянның ауырлығын анықтау мақсатында жүргізілетін зерттеу әдістемесінің 8-тармағына сәйкес, аталған жарақаттар денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына әкелмейді, адамның денсаулығына зиян келтірмеген жарақаттар ретінде бағаланады және жәбірленушінің өлімімен тікелей себепті байланыста емес", - делінген сот-медицина сараптамасының қорытындысында.
Айта кетейік, басты сот талқылауы Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр.
Басты сот талқылауының онлайн-трансляциясын Жоғарғы Соттың YouTube-арнасынан көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2236671-basty-sot-talqylauynda-sherzat-bolattyng-olimi-neden-bolgany-aityldy/