Су ресурстары министрлігі: Каспийдің деңгейі тарихи минимумға түсті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Каспий теңізінің деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп, тарихи минимумға жетті. Бұл туралы Қазақстан парламенті сәжілісінде өткен отырыста су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік деректеріне сүйенсек, Каспий теңізінің деңгейі 1900 жылғы -25,7 метрден 2023 жылы -29,21 метрге дейін түскен. Бұл – соңғы жүзжылдықтағы ең төменгі көрсеткіш. Теңіз деңгейінің мұндай ауытқуы солтүстік-шығыс бөліктегі су айдынының айтарлықтай тартылуына алып келді.
Климаттың жылынуы мен ағын судың азаюы – негізгі себептер
Вице-министрдің айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен:
- Өзен ағынының азаюы – климаттық және антропогендік ықпалдан;
- Ауаның жылынуы – соңғы 50 жылда орташа температура әр 10 жылда +0,51°С-қа артқан;
- Жауын-шашын көлемінің кемуі – 2006 жылдан бері 65 мм-ге азайған;
- Булану көлемінің көбеюі – булану жылына шамамен 334 текше км құрайды, ал жауын-шашын көлемі 55 текше км ғана.
Осы жағдай Каспий теңізіне құятын су мөлшерінің азаюына әкеліп отыр. Теңізге шамамен 130 өзен құяды, алайда олардың 80 пайыздан астамы тек Волга арқылы келеді. Жайық өзенінің үлесі бар болғаны 3 пайыз.
2023 жылы Волгадан теңізге құйылған су көлемі 207 текше км болды, бұл қажетті деңгейден 60–65 текше км-ке кем.
Қазақстан мен Ресей арасындағы су ынтымақтастығы
Су саясаты мәселесінде Қазақстан мен Ресей 2010 жылғы 7 қыркүйекте қол қойған трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл келісім бойынша екі елдің бірлескен комиссиясы және өзен бассейндері бойынша 6 жұмыс тобы өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
Ғылыми бағалау: жағдай нашарлауы мүмкін
Сарапшылар егер қазіргі климаттық үрдістер мен су басқару тәртібі өзгермесе, Каспий деңгейі одан әрі төмендеуі мүмкін деп болжайды. Мұндай жағдайда су мен булану арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты міндетке айналмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2238291-su-resurstary-ministrligi-kaspiiding-denggeii-tarihi-minimumga-tusti/